Иесіне адал ит

428

0

*сурет ашық дереккөзден алынды

Бір жолы інімнің оқушы қызы мектеп маңындағы көршінің күшігін алып келіпті. Әлгі күшікті уақытылы тамақтандырып баға бастадым. Жатар жерін күн құрғатпай тазалаймын. Өз бетінше жүріп, үретін де болды. Дауысында мін жоқ. Мен овчарканың күшігі деген соң, содан үміт күтіп жүрмін-ғой баяғы! Бірақ, бойы өспейді, овчарканың құлағы тіп-тік болса, мұның құлағы салбыраңқы. Алдыңғы аяғының ұзындығы 20 см-ге жетер-жетпес, артқы аяғының жобасы бар сияқты. Үйдегі мысық екеуі айрылмас дос болып алды. Асты бірге ішіп, бірге жатады. Жатыстары қызық! Иттің желкесіне жайғасқан мысық пырылдап ұйықтап та алады. Қақаған қыстың боранында да бірге ықтайтын.

Ауыл болған соң, жаздай сауған сиырларды күзде бұзауларын қосып далаға жібереді. Күнде-күнара көріп тұруың керек. Атымды мініп жиі қарап келемін. Ит овчарка болмаса да, менің ең сенімді серігім еді. Бір елі ажырамайтын. Кейде үлкен қазақы иттер бас салатын. Талай араға түстім. Сол кездегі итімнің әдісі шалқалақтап, екі аяғын аспанға қаратып жатып алады. Кей күндері мойыннан алып сілкілейді. Мойнын тексергенде тістің ізін байқамайтынмын. Алқапқа барар жолда түлкі де кездесіп қалатын. Қуып әкеліп, итімді қуаттандырамын. Мылтық оғынан басқаға беріле бермейтін түлкі мұны не қылсын?!

Осындай қансонардың бірінде қызық оқиға болды. Күн батарда малға шықтым. Ойламаған жерден түлкі шыға келді. Аттың басын жіберіп, итті ұстай алмай қалдым. Қуған бойда қалың қамыстың ортасына кірді де, жоқ болды. Дауыстап шақырсам да келер емес. Күн батып, қас қарайды. Екеуінің ізі де жоқ. Малды бақылап, үйге қайттым. Артыма қарай-қарай мойным талды.

Ертемен атымды жетектеп кешегі адасқан жеріме келдім. Ашық жерде түлкінің құйрығы жатыр. Итімді шақырып айқайлаймын, дыбыс жоқ. Тәуекел етіп қалың қамыстың ортасына кірдім. Қарсы алдымда жатқан итім орнынан атып тұрды. Бірақ, маған қарамады. Екі көзі қалың қамыста. Міне қызық, қалың қамысқа оралған түлкі қарсы алдында тұр. Бір-бірін арбап, түні бойы тұрған екен. Жазық даланың көркі түлкінің мына қалың қамысқа оралып тұрғанына жүрегім елжіреп атпен жақындап едім, жан екпінмен  секіріп босанып кете барды. Қолымдағы нанымды беріп итімді тамақтандырдым.

Осылай жылдар өте берді. Итім екеуміз ажырамас дос болып алдық. Менің жинала бастағанымды қайдан біліп қоятынын қайдам, аттың жанына барып жатып алады.

Бір жылы жер мен көкті жаратушы бір Алланың бұйрығымен ана орнына ана болып, ыстығыма күйіп, суығыма тоңған апажаным өмірден озды. Шалқар көлім суалып, қайғырып қалдым. Шариғат жолымен арулап, Жер-ананың қойнауына табыстадық.

Малға шықпағаныма біраз болған. Үйдегі жағдайдан кейін иттің қайда кеткенін білмеймін. Көзіме түспеген. Бұрынғыдай алдыма бір, артыма бір түсіп жүгірмейді. Менің қайғыма ортақтасқандай көңілсіз келеді. Көп кешікпей малға кезіктік. Топтасып жүр екен. Апажанымның сауып-баққан малын көргенде өзімді ұстай алмадым. Аттан түсіп, қазығын қағып, күріш сабанына құлай сала, жылай бердім, жылай бердім. Қанша жылағанымды білмеймін. Көзімді ашсам, итім бетімді жуып кеткен жасымды тілімен жалап жатыр екен. Көздің жасын туған анаң сүртеді ғой! Дәл сондай!

Тағы бір жылдары ит ауырды. Маған ере алмайтын жағдайға жетті, бірақ қалмайды. Қыстың суығында бір қуысқа кіріп жатып алады. Жылы киімдермен орап қоямын. Кешке орап кеткен жерімнен таба алмадым. Ұзақ іздедім… Жаңа жауған қар қалың. Ізіне түстім. Жатағынан шыққан бойда, шөп қорада басын құбылаға қаратып, жан тапсырыпты. Балаларды шақырып, жер қазып, көмдік. Әлі күнге көмген жерге көзім түссе өкінішпен кешірім сұраймын. Дәрі салдырып, емдегенде жазылар еді деген ой маза бермейді.

Қазір бос сөз айтушылар көбейді ғой… Соның бірінің тақырыбы – бұралқы ит. Бұл ит қайдан шықты? Аспаннан түскен жоқ. Жерден шыққан жоқ. Шет елден ауып келмеді. Бұл жаңағы төс қағушылардан шыққан ғой! Асырады, қарамады. Жаны бар жануарға тамақ керек. Тамақ іздеп, жаны  қысылып бұралқы ит пайда болды. Дабыл қағушылардың айтқан шығымы бала қапты, талады, үлкендерге шабуыл жасады. Ешбір жануар жанға қысым келмесе тістемейді де, қаппайды да. Жабайы аңдардың өзі адамды көрсе қашады ғой! Сұраусыз нәрсе болмайды. Осыны естен шығармайық ағайын!

Бектуған МҰХАММЕДАНАПИЯҰЛЫ,

 Шиелі ауданы,

 Жиделі ауылы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<