Келіннің келісті келбеті

863

0

Фото: автордан

Ұлтымыздың ұрпаққа ұласқан тәлім-тәрбиесі тектен тамыр тартып, халқымызбен бірге жасасып келеді. Бала күннен көрген тәрбие, ата-анамыздың ағайын-бауыр, туған-туыспен қарым-қатынасы қазақ мәдениетінің биік көрсеткіші десек болғандай. Той-томалақ, өлім-жітімнің қандай да бір жиыны ағайынның мәслихатынсыз іске аспайтын.

Мәслихатты рудың үлкені бастап, алдағы жиынның барысын бастан-аяқ талқыға салып, әрбірінің атқарар қызметі нақтыланып, бекітілетін. Сондай мәслихат біздің шаңырақта жиі өтіп отыратын. Анам келген ағайын-туыстың қызметін жасап, тікесінен-тік тұрып күтетін.

Әкем анадан төртеу еді, үш ұл, бір қыз. Өзі ұлдың ортаншысы болды. Ата-енесін қолында баққан анам дүниеден озғанша үлкенге сәлем етумен кетті. Әкем 66 жасында, артынша екі жылдан соң анам дүниеден өтті. Анам марқұм өмірден озғанша иіліп сәлем салуын үзбеді. Осы үлгісін өзінен кейінгі келіндері жалғастырды десек болғандай. Сондай ерекше көретін келіндерінің бірі Күләш жеңгеміз еді.

Әкеммен немере Жолшора әкеміз ел-халықтың, ағайын-туыстың сый-құрметіне бөленген, абыройы асқан кісі болды. Үйінен адам үзілмейтін. Күләш жеңгем – сол Жолшора әкеміздің Жақыпбек деген жалғыз ұлының әйелі. Жеңгеміз парасат-пайымы биік, халықтың алғысына бөленген, жүрегіне Алла нұр құйған заты бөлек жан болды. Сүт комбинатында жұмыс жасады. Өзінің келіндік қызметін де мінсіз атқарды. Ата-енесіне уақытылы шәй-тамағын беріп, баптап күтетін. Біз бала болсақ та аңғарып жүруші едік. Иманды болсын.

Бір күні жеңгеміз жұмыстан сәл кешігіп қалады. Мұндайға үйренбеген атасы тағатсызданып келінін есік алдындағы сәкінің үстінде есіктен көз алмай күтіп отырады. Келіні дарбазаның есігін ашып кіре бергенде ренішін білдіріп қолындағы таяғын сәкіден асырып тастай салады. Атасының көңіл-күйін түсіне қойған келіні жерде жатқан таяғына сәлем етіп, көтеріп әкеліп атасының жанына қояды да, дереу қызметіне кіріседі.

Бұл туралы «атасының таяғына сәлем еткен келін» деп ағайын-туысқа аңыз әңгімедей тарап кетеді. Осы бір болған жайтты анам марқұм бәрімізге үлгі етіп айтып отыратын. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген әңгіме осындайдан шықса керек.

Ұлжан Байбосынова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<