Литвадағы үйленуі тойы

577

0

*сурет ашық дереккөзден алынды

– Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында, – деп бастады әңгімесін құрдасым Рүстем – әскерге шақырылып, қызметімді Литва ССР «Каунас-Клайпеда» тас жолының бойындағы орман арасындағы әскери жабық қалашық Кармелова деген жерден бастадым. Мен қызмет атқарған әскери бөлім кеңестер одағының қаһарлы қаруы болған стратегиялық мақсаттағы ядролық-ракеталық құрама болатын. Біздің бөлім қалашықтан он, тас жол бойынан бес шақырым жердегі қалың орманның арасында орналасқан еді.

«Үш күннен кейін тозаққа да үйренесің дегендей» ауылда екі жыл ескі газик машинасын айдап, есім шығып барған мені «азаматтық өмірде жүргізуші болып істепсің, тәжірибелі жүргізушісің» деп өңім түгілі түсіме де кірмеген әскери «МАЗ-502» ядролық қондырғы орнатылған алып көлікке жүргізуші-монтажшы етіп бұйрықпен отырғызғанда қобалжып, қорыққаным әлі есімде. Бөлімдегі жауынгерлік құрамның сексен пайызы офицерлер мен соғысқа қатысқан бұрынғы артеллеристер мен ұшқыштар, инженерлер екен. Олар бізді әскери және ядролық атом қондырғыларымен жабдықталған қарсыластар нысанасын 35-40 минутта тас-талқанын шығаратын, жаппай қырып-жоятын қаһарлы стратегиялық мақсаттағы ракеталарды ату, күтіп-баптау, сынау жұмыстарына тез үйретті. Өзімізге Отан-Ана осындай қаһарлы қаруды сеніп тапсырғанына мақтандық. Мен екінші сыныпты жүргізуші, бірінші сыныптағы әскери маман, коммунист, бөлімдегі үлгілі жауынгер болдым.

Сол уақыт халықаралық жағдайға байланысты стратегиялық мақсаттағы ракета әскерлері №1 дайындық сапына қойылып, офицерлер мен жауынгерлер казармалық жағдайға көшірілген кез болатын. Жағдай солай болғанмен қатардағы жауынгерлер айына бір рет қалаға бой жазуға жіберіліп тұратын. Осындай бой жазудан оралған көрші казармадағы байланыс бөлімінде қызмет атқаратын қостанайлық Жақсылық екі езуі екі құлағында кештетіп маған келді.

– Бүгін Ионнова қаласына бой жазуға барған едім. Қайтуға автобус аялдамасында тұрғанымда бір топ қазақ жігіттері мен қыздары дабырласып сөйлесіп автобустан түсіп, қала жаққа кетіп бара жатты. Өз құлағыма сенбедім. Елден кеткелі екі жылдан кейін естіген қазақшадан кейін құдды ауылда жүргендей сезіндім. Уақыттың тығыздығына байланысты автобустан кешіге алмадым. Осы жаңалығымды өзіңе айтайын, олар туралы сен білесің бе? – деді.

Оның бұл жаңалығы ауылды сағынып жүрген мені де ойландырды. «Жарайды бізде Ионнова қаласында тұратын, келісім-шартпен автомеханик болып қызмет атқаратын Ионас Александраивичустан сұрап білейін» деп Жақсылықтың қызуын зорға бастым. Ол кезде кеңес әскерінің жауынгерлеріне саяси сабақтар жан-жақты жүргізілетін. Олар елдегі саяси оқиғалар мен халықаралық жағдайдан қанық болатын.

Көсем В.Лениннің «Коммунизм дегеніміз – елді электрлендіру» деген қағидасы өзінің өміршеңдігін көрсетіп, ұлы бастамаларды жүзеге асырып жатқан кезде Н.Хрущев көсемнен қалыспай, осы қағидаға «Коммунизм дегеніміз – елді электендіру-химияландыру» деп ұран тастады. Оның бұл ұраны көпке дейін баспасөз бетіне жарияланып, жүзеге асырылып жатты.

Жасыратыны жоқ, елді химияландыруға бетбұрыс жасалды. Бүкілодақтық химия өнеркәсібінің алып құрылыстары басталды. Солардың бірі Жамбыл қаласындағы суперфосфат зауытының құрылысы еді. Сондай алып құрылыстардың қатарында Литва ССР-дегі Ионнова қаласындағы одақтық құрылысқа айналған химия комбинаты болатын. Ионнова химия комбинаты Балтық жағалауындағы республикалардың ірі өнеркәсіп орны еді. Сондықтан да бұл қалаға одақтың түрлі өңірлерінен жастар келе бастады. Біз оны теледидар, ақпарат құралдарынан біліп отырдық. Қызметтесім Ионастан Ионноваға қазақ жастары келіпті деген хабардың анығын біліп беруді өтіндім. Ол бұл хабардың шындығын растады. Оның айтуынша, Оңтүстік Қазақстаннан тәжірибе алмасуға және білім жетілдіруге қазақтар келіпті.

Сонымен Жақсылық екеуміз жексенбі күні бойжазар алып Ионноваға бардық. Мақсатымыз – химия комбинатына келген қазақтармен танысу. Ол кездері қалаға бой жазуға барған солдаттардың жолы жіңішке болатын. Патруль, әскери кезекші бір сөзбен айтқанда, тексерушілер көп болатын. Комбинаттың жатақханасына барып, комменданттан бір қазақты шақыртып танысуды өтіндік. Ол өтінішімізді орындады. Бізбен кездесуге ұзын бойлы, бидай өңді, бізден екі-үш жас үлкендеу жігіт шығын амандасты. Ол әдейі жолығуға келгенімізді біліп, үлкендігін танытып «О, жігіттер амансыңдар ма? Қызметтерің қалай өтіп жатыр?» деп, елді сағынып жүрген бізді өзіне тарта бастады. Біз де өзімізді таныстырып, кездесуге келгенімізді айтып, мәре-сәре болып әңгімемізді солардың жатақханасында жалғастырдық. Бұлар Жамбыл қаласындағы суперфосфат зауытында жұмыс істейтін, тәжірибе алмасу үшін екі жылға келген қазақ жастары екен. Арада жарты жыл өтпей Балтық жағалауының ауа райы жақпай, бірсыпырасы елге қайтып, бес жігіт, үш қыз ғана қалыпты. Таныстығымыз жалғаса берді. Кейіннен оларға сол маңдағы бөлімдердегі қазақ жауынгерлері де барып жүрді. Есімде қалғаны топ жетекшісі Шымкенттің химия-технология институтын бітірген инженер-химик Аманжол деген азамат еді. Фамилиясын ұмыттым. Біздің таныстығымыз достыққа айнала бастады.

Жақсылық оларға жиі баруды шығарды. Бірде мынадай жағдай болды. Жігіттердің азаматтық киімдерін киіп алып, олармен бірге қаланы еркін аралауды, көңіл көтеретін кафе, т.б жерлерге баруды шығарған. Осылай сайрандап жүргенде, патрульдік кезекшіліктегі, өз бөлімшесінің офицер кезекшілері ұстап алып, әскери тәртіп бұзғаны үшін бес тәулік гауптвахтаға отырып шығуына тура келген еді.

Кеңестер одағы кезінде Балтық жағалауындағы республика халқының тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы басқа елдерге қарағанда, көш ілгері болатын. Карточкалық жүйеге көшкенде, ол елдің дүкендері азық-түлікке, киім-кешекке толып тұрды. Сол жылдары бұл республикаларға Орталық Ресейден халық ағылып келе бастады. Бірақ жаппай орыстандыру саясатын ол елдер қабылдаған жоқ. Мемлекеттік және іс жүргізу өз ана тілдерінде, ешбір заңды мойындамай қолданыста болды.

Мамыр айы болатын. Орман ішіндегі көкорай шалғында елге қайтудың жақындап келе жатқанын ойлап, сырласып отырғанда Жақсылық ағынан жарылып, сырын ақтара бастады.

– Мен Тынышкүлді сүйемін, өзің білесің біздің танысып, достасып жүргенімізге бір жылдан асты. Достығымыз махаббатқа жалғасты. Менің де, оның да әкесі соғыста қаза болған. Шешем 13 жасымда дүние салды. Мектеп-интернатта жатып оқыдым. Зауытта токарьлік мамандықты игердім. Тынышкүлдің шешесі ағасының қолында Жаңатас жақта тұратын көрінеді. Елде бізді күтіп отырған ағайындар да жоқтың қасы. Ойлана келе екеуміз де осы жақта қалып, өз-өзімізге келгенше жұмыс істеуді шештік. Тынышкүл комбинатта комсомол жастар бригадасында үлкен беделге ие екен. Оның үстіне комсомол белсендісі. Ойын комбинат басшыларына айтқанында, оларда қуанып, тездетіп үйленуге, үй кезегіне тұруға ақыл беріпті. Ал мен ертең осы жағдайымды айтып, әскери бөлім командиріне рапорт жазамын, – деді ол.

Сол жылдың қыркүйек айының үшінші жұлдызында бізді әскерден қайтаруға бұйрық шықты. Өзімізді еркін сезіне бастадық. Жақсылық бізден бұрын сол айдың соңында әскер қатарынан босанып, Ионновадағы химия комбинатына жұмысқа орналасты. Үйлену қамына кірісті. Біз елге кетіп қалмай тұрғанда, қазақ жігіттерінің қатысуымен үйлену тойын жасамақшы болды. Ол кездері комсомолдық той өткізу, интернационалдық тәрбие беру кеңестік идеологиялық саясаттың басты мақсаты болатын. Комбинат басшылығының қолдауымен жұмысшылар асханасында Жақсылық пен Тынышкүлдің комсомолдық үйлену тойы дүркіреп өтті. Біз бір топ қазақ жауынгерлері қатысып, қазақша өлең айтып, гитарамен ән шырқап тойдың мерейін арттырған едік, – деп Рүстем қызықты жастық шағын еске алды.

Рысбай КӘРІМОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<