2,5 пайыздық несиеге 4,3 млрд теңге

363

0

Қызылорда облысында биыл 250-ден астам жас пен 600-ден астам ауыл азаматы 2,5 пайызбен несие алады деп жоспарланып отыр. Ол үшін өңірге республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Мұндай қолдау аймақ тұрғындарының кәсіппен айналысуға қызығушылығын арттырады.

Кеше Мемлекет басшысы VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында ел дамуына үлес қосатын кәсіпкерлердің жаңа толқынын қалыптастыру қажет екенін айтты. Биылдың өзінде жастар мен ауыл азаматтарына 2,5 пайызбен несие беру үшін облысқа 4,3 млрд теңге бөлінді. Бұл – үлкен қолдау. Кәсіп бастаймын деген азаматтар үшін жақсы мүмкіндік.

Мемлекеттің қолдауы мұнымен шектелмейді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында «Мен – кәсіпкер» жобасын жүзеге асырып жатыр. Биыл осы жоба аясында 600-ге жуық қызылордалыққа қызмет көрсетуді көздеп отырмыз. Атап айтқанда, кеңес береміз, оқытамыз, жобасын нақты өнім шығарғанға дейін сүйемелдейміз.

Президенттің шағын және орта бизнесті қолдауға арналған кешенді шара қабылдау жөніндегі тапсырмасы да бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырады.

Халық қазір кәсіппен айналысуға жан-жақты қолдау бар екенін жақсы түсінді. Рас, кейде әкімшілік кедергілер кездесіп жатады. Ондай жағдайда кәсіпкерді қорғауға, көмек көрсетуге әзірміз.

Пірмұхаммед СЫЗДЫҚОВ,

облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<