Адал әрі еркін саяси бәсекелестік қажет

853

0

Ашығын айтсақ, мемлекет дамуы бір орында тұрақтап тұрмайды. Әлеуметтік-экономикалық, демографиялық себептерге байланысты әкімшілік-аумақтық өзгерістерге жол ашылады. Жолдауда айтылғандай, алдағы күндерде елімізде Ұлытау, Абай, Жетісу облыстары құрылады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы «Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз» деп атап көрсетті.

Жалпы, жаңа облыстардың құрылуы жөнінде тұрғындар тарапынан бұған дейін көптеген мәселе көтеріліп келді. Расын айтсақ, кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде әлеуметтік-экономикалық қиындықтар туындады. Тұрмыстық жағдайларға байланысты онда тұратын азаматтардың өзге өңірлерге көшуі көрініс берді. Бұл тұрғындар санының азайып, тұрмыс сапасы төмендеуіне кері әсерін тигізді. Мемлекет басшысы осы олқылықтың орнын толтыратын кез келгенін атап өтті. Себебі, әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Азаматтардың облыс орталығына барып-келу жағдайын оңайлатады. Мәселен, Алматы облысының бір түкпіріндегі Нарынқол, Кеген аудандарының тұрғындары бір қағаз үшін шалғайдағы Талдықорған қаласына сабылуға мәжбүр болды. Оған қоса Жетісу өңірі елімізде тығыз орналасқан аймақ ретінде белгілі.

Сондай-ақ, Жолдауда саяси мәселелерге байланысты орнықты ой айтылды. Соның бірі – партияны тіркеудің айтарлықтай жеңілдеуі.  Осы орайда Президент «Тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды. Сондай-ақ, құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейеді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады» деп атап көрсетті.

Алдымызда Жаңа Қазақстанды құру міндеті тұр. Бұл адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуден бастау алатыны белгілі. Осыған байланысты Президент партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік туғызып отыр.

Рас, ел өмірінде сайлау үдерісін жаңғырту маңызды екенін білеміз. Қазір әлем елдерінің тыныс-тіршілігіне көз салып көрсек, көптеген мемлекеттер электронды, мерзімінен бұрын, қашықтан, көпкүндік дауыс беру тәсілдері секілді дауыс берудің баламалы түрлерін пайдалануда. Мемлекет басшысы бұл бағытта әлемдегі үздік тәжірибелерді зерттеп, қажет болса, оны біртіндеп енгізу жөнінде тапсырма беруін демократияны дамытудағы оң қадам деп айта аламыз.

Жолдау халықтың көкейінде жүрген көптеген сауалға жауап тапты. Ал Президент «Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз. Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты» деп ерекше атап өтуі әрбірімізді жігерлендіре түскенін ашық айтуымыз керек.

Бақберген ДОСМАНБЕТОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<