Адам құқығының арқауы

909

0

Адам құқығы – конституциялық құқықтың маңызды институты, ал адам құқықтарын қорғау механизмі – бұл адам құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қанағаттандыру жолындағы кедергілерді жою мақсатында кезекті түрде ұйымдастырылған заңды құралдардың жүйесі. Құқықтық   реттеу механизмі заңдық құралдардың жүйесі, олардың көмегімен қоғамдық қатынастарға құқықтық əсер ету жүзеге асырылады, құқық субъектілерінің мүдделері қанағаттандырылады. Құқықтық реттеу механизмі элементтерінің құрамына құқықтық норма, құқықтық қатынастар, жеке құқықтық актілер, құқықтық тəртіп пен құқықтық сана кіреді.

Мемлекетте   демократияның  басты негізі – адамның, жеке тұлғаның құқықтық жағдайы. Сондықтан  адам құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау механизміне нормативті құқықтық   актілер   жатады. Барлық  қазіргі заманға сай конституциялар, оның ішінде Қазақстан Республикасының   Конституциясы да бұл мəселеге ерекше назар аударады. Көпшілігінде адам және  азамат  құқықтары мен бостандықтары алғашқы бөлімдерде келтірілген, бұл мемлекеттің жеке тұлғаның құқықтық жағдайына қаншалықты қарым-қатынаста болатынын көрсетеді.

Қазақстан Республикасының Конституциясы ең жоғары құндылық ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп бекітті. Бұл қағида – демократиялық мемлекеттің  қызметі мен оның халықаралық құқықтық міндеті. Конституцияда бекітілген жеке тұлғаның құқығы оны жүзеге асыру мен қорғаудың тиімді механизмін құруды болжайды. Адам құқығы, оны сақтау мен кепілдік беру бүгінгі таңдағы маңызды мəселелердің бірі. Адам құқықтарын сақтаудың шындық жағдайы – демократияның маңызды көрсеткіші, оның кемеліне келуі мен руханилығының белгісі.

Адам құқықтары мен бостандықтары тек қана бір мемлекеттің ісі емес, бүкіл халықаралық бірлестіктің субъектісі. Бұл саладағы жалпы танылған халықаралық нормалар – қазір ұлттық заңдарды қалыптастырудың негізі. Сондықтан да мемлекет ішіндегі адам құқығын қорғау механизмі, халықаралық құқық нысандарымен қамтамасыз етілуімен тығыз байланысты. Бұл жөнінде нормалар қабылдаған халықаралық ұйымдар, адам құқығының бұзылмауына жол бермеуге нақты механизмдер қарастырды.

Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі.

Ата Заңымызды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде Отанымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық пен татулық орнықты.

Б.ИЗЕНОВ,

Қызылорда қалалық мамандандырылған

тергеу сотының аға сот приставы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<