«Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасының алғы шарты – дұрыс әрі әділ шешім шығаратын сот жүйесін қалыптастыру. Бұл ретте елімізде азаматтардың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету жұмыстары жыл санап жетілдіріліп келеді. Қара қылды қақ жаратын әділ сот төрелігін жолға қою жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күні «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтып өтті.
Жолдаудың 5 бағдары Заң және тәртіпке бағытталды. «Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен, барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек» деген Мемлекет басшысы судьялардың дербестігін арттыру үшін Жоғарғы сот кеңесінің мәртебесін нығайту қажеттігіне тоқталды.
Халық үлкен үмітпен күткен Жолдаудың жаңалығы көп болды. Елдің көкейінде жүрген мәселелер назардан тыс қалмады. Соның бірі – күштік құрылымдардың сотқа ықпал етпеуі десек те болады. Сондай-ақ, аудандық және облыстық соттар деңгейіндегі сот төрелігінің қолжетімді болу мәселесін пысықтау тапсырылды. Міне, осының барлығын сот жүйесі мен бүгінгінің билеріне деген үлкен құрмет және жанашырлық деп түсінген абзал. Сотты өзгерте отырып, қоғамды өзгертеміз. Мұндай жетістікке қол жеткізу үшін, жаңғырту кешенді сипатқа ие болуы керек. Бір саланы реформалай келе, басқасын өзгеріссіз қалдыру арқылы табысқа жету мүмкін емес. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолғы Жолдауында барлық саладағы шешілмей жүрген мәселелердің түйінін тарқатып, алдымызға нақты бағыт-бағдар қойып берді.
Нұржан БЕКЕТАЕВ,
Шиелі аудандық соты төрағасы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<