Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары туралы, олардың бір-бірінен ажырағысыз егіз құндылық екенін Президент осыған дейін де бірнеше рет айтты. Бүгінгі Жолдауда оның мәнін, маңызын тарқатып түсіндірді.
– Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды. Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз. Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын. Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы қасиеттер әрбір азаматтың, әсіресе, жастардың бойынан табылғанда ғана мақсатымызға жетеміз. Отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр адам мақсатына жетеді.
– Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Мен бұл туралы ұлттық құрылтайдың екінші отырысында нақты айттым. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды,– деді Мемлекет басшысы.
Қазыбек Әшірбекұлы,
құқық қорғау саласының ардагері.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<