Жаһан жұртының назары Астанаға ауды. Өйткені елордада Қазақстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті.
«ШЫҰ плюс» кездесуі «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» тақырыбында өрбіп, 25 халықаралық құжатқа қол қойылды. Қазірдің өзінде әлемнің сақа сарапшылары бұл саммитті өте маңызды қадам, байыпты бастама ретінде бағалауда.
Саммиттің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан әлемдік геосаяси процестерге қатысты өзінің ұстанымын өзгертпейтінін айтып, «ШЫҰ дауысын» белсенді ілгерілетуге шақырды.
Бұл – дұрыс ұстаным, парасатты пайым. Өйткені ұзақ жылдар бойы қалыптасқан геосаяси, геоэкономикалық байланыстарға саңылау түсіп, жаһандық қайта бөлісу үдерісі қарқынды жүруде. Саясаттанушылар 2032 жылға қарай жағдай қайта тұрақталып, әлемнің геосаяси архитектурасы қалпына келетінін дәйектеуде.
Әрине, саяси құбылыста ШЫҰ белсенділігін арттыруы маңызды десек, Қазақстанның өзіндік орны мен рөлі болуы керек. Президентіміз саммитте осыны аңғартып, ШЫҰ-ға қатысушы елдерге БҰҰ-мен бірлесіп «әділ бейбітшілік, келісім және даму үшін бейбіт бірлік туралы» бастаманы қолдауды ұсынды.
Рас, қазір ауыр зеңбірек пен танкіге сенетін заман артта қалып барады, тек дипломатиялық және ұжымдық күш-жігер арқылы әлем қазіргі заманның әртүрлі мәселелерін жеңуге болады.
Осы орайда Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде көтерген «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» атты ұраны, бұл – мемлекеттер арасындағы өсіп келе жатқан геосаяси шиеленіс пен текетірес тенденциясына жауап.
Бұл бастама – өзара сенімге, теңдікке, сыйластыққа және бірлескен дамуға ұмтылуға негізделген «шанхай рухын» күшейтуге ықпал етеді. Қазақстанның халықаралық бейбітшілікті және мемлекеттердің қауіпсіз қатар өмір сүруін қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерін айқын көрсетеді. Сонымен қатар, әділдік пен келісім тұжырымдамасын әлемдік деңгейге шығару Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың осы қағидаттарға адалдығын және оларды тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық кеңістікте нығайтуға деген ұмтылысын айқын көрсетеді.
Бастама шеңберінде «әділ әлем формуласын» ұжымдық іздеу процесін бастау, ашық, транспарентті, әділ, инклюзивті және кемсітпейтін көпжақты сауда жүйесін нығайту, сондай-ақ таза және қауіпсіз планета үшін жалпыға бірдей қозғалыс құру ұсынылды.
Қазақстан ұсынып отырған бағдарлама байыпты іске асса, онда ұлттар арасындағы достық қатынастарды дамыту, өзекті жаһандық проблемаларды шешуде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру жөніндегі жалпы әлемдік күш-жігердің жаңа кезеңі басталып, тыныштық пен тұрақтылық орнайды деп сенеміз.
Руслан РҮСТЕМОВ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<