Әлеуметтік саланы қолдау қай кезде де мемлекеттің назарында. Үкімет отырысындағы негізгі мәселелердің бірі ретінде халықтың әлеуметтік жағдайы сөз болды. Еңбек министрлігіне 1 наурызға дейін отбасының цифрлық картасын пайдалана отырып, үй шаруашылықтары әлеуметтік цифрлық профильдерін қалыптастыру тапсырылды. Бұл тәсіл әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттауға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік көмек көрсету үшін Бірыңғай цифрлық платформа құру және «Әлеуметтік әмиян» жүйесінде түрлі қолдау түрлерін біріктіру жоспарланып отыр. Мұнда қаржылай төлемақыдан бастап, азық-түлік, дәрі-дәрмек, баспана немесе білім алуға берілетін ваучерлерге дейінгі қолдаудың барлық түрі жүзеге асады. Жалпы әлеуметтік көмекті цифрландырудың артықшылығы көп. Ол төлемдер мен жалған көмек алушыларды, шығындарды азайтады.
Мемлекет басшысы әркез әлеуметтік көмек шын мұқтаждарға берілуін талап етеді. Сондықтан саланы цифрландырудың маңызы зор деп ойлаймын. Жалпы алғанда, Президенттің тапсырмалары әлеуметтік салаларды жүйелі түрде жаңғыртуға, цифрландыру арқылы басқару сапасын арттыруға бағытталып отыр.
Жанар ДӘУЛЕТБАЕВА,
облыстық жұмыспен қамтуды
үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар
басқармасы басшысының орынбасары





