Жыл сайын әлеуметтік салаға айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Республикалық бюджеттің 40%-дан астамы азаматтарды қолдауға бағытталады. Президент кезекті Жолдауында әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға бөлінетін төлемдерді біріздендіру қажет екенін айтты.
Жасыратыны жоқ, кейінгі кезде мемлекеттен берілетін жәрдемақыны алу үшін түрлі айла-амалға баратындар көбейді. Мысалы, заңды негізі жоқ азаматтардың жәрдемақы алуы, жұмыссыздық және декреттік төлемдерді тағайындау кезіндегі алаяқтық жағдайлар, мектептегі тамақтандыру мен атаулы әлеуметтік көмек тағайындауда жағдайы бар отбасыларға жеңілдіктер беру. Мұндай жайттар мониторинг барысында белгілі болды. Енді Мемлекет басшысы бұл мәселеге тосқауыл қойып, шын мұқтаждарға ғана төленуі тиіс екенін баса айтты.
Президенттің айтуынша, толық емес отбасыға берілетін жеңілдікті алу үшін ажырасып жатқандар саны күрт өскен.
– Біз өзіміз жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отырмыз. Отбасы мүшелерінің барлығы дерлік нысаналы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы алатын болса, жұмыс істеудің не қажеті бар? Басқаша айтсақ, әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді, – деп сынады.
Қазір атаулы әлеуметтік көмек нағыз мұқтаждарға беріледі. Оны алатындарды зерделейтін мониторингтік жұмысшы топ үй-үйді аралап, 12239 отбасын тексерді. Көмек алушылар табысын жасыру үшін отбасындағы зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарды, жұмыс істейтін отбасы мүшелерін есептен шығару, жеке кәсіпкерлерге формальды тіркелу арқылы жалған анықтамалар ұсынған. Осындай жайттарды тексеру арқылы атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 3 есеге азайды. Бұл бюджет қаржысын үнемдеуге көп әсерін тигізді.
Әлеуметтік қолдау саласындағы оңтайландыру бағытындағы жұмыстар әлі де жалғасады. Дегенмен осал топтағы азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау арта бермек.
Ғабит ЖАҢАБАЕВ,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы






