Анимация баланың ой-өрісін дамытады

74

0

Былтыр Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Қазақстан Респуб­ликасында Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы тапсырма берілген болатын. Осылайша елімізде атаулы күндердің тізбесі тағы бір мерекемен толықты. 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып белгіленді.

Кеше Бурабайда өткен IV Ұлттық  құрылтайда да мәдениет саласына қатысты тың бастамалар айтылды. Мәселен, қазақ тіліндегі анимацияны дамыту. Бұл құп­тарлық бастама, себебі бала тілі мен ойын дамытуда мульт­фильмнің алар орны ерек­ше. Сон­дықтан балаларға арналған өнімнің қазақ ті­лін­де жарық көруі маңызды деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы  «Шоқан. Қашқария сапары» деген мульт­фильмді мысалға келтірді. Оны өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туынды деп бағалады. Қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген осындай мульт­фильм көп болуы қажет.

Сонымен қатар Президент  Тәуел­сіздік жылдарында мәдениет саласында атқарылған ауқымды істерді атады. Кейінгі жылдары клас­сикалық және заманауи музы­каға арналған сәулетті ғимараттар салынып, көптеген театр ашылды.  Өнерге қызығушылық жоғары, көрермен залдары толы, премьералар мен спектакльдерге билет екі-үш апта бұрын сатылып кетеді. Мем­лекет басшысы сахна өнеріне құштар жандардың арасында жастардың көп болуы жетістік екенін жеткізді.

Біздің облыста да кейінгі кездері жаңадан мәдениет ошақтары бой көтеруде. Мәселен, «Анаға тағзым», «Өнер орталығы» сынды заман талабына сай ғимараттар салынып, ел игілігіне берілді. Былтыр облыста «Руханият жылы» жарияланып, аудандарда «Руханият орта­лық­тары» ашылып, пайдалануға берілді. Орталық ішіне музей, архив, кітап­хана, арда­герлер, жастар, аналар кеңесі сынды ұйымдар шоғырланды. Бұл – мемлекетті біріктірудің моделі. Руханият жылының мазмұны  мә­дениетті қолдау болып айқындалды. Соның ішінде кітап оқу мәдениеті де бар.  Жалпы «Руханият орталық­тарының» ашылуы өзге  облыстарға үлгі ретінде көрсетілді.

Мұның барлығын мәдениет сала­сындағы жарқын істердің бастамасы деп айтуға болады.

Нұрлыбек МЫҢЖАСОВ,

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық

әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<