Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында елдің көкейінде жүрген көптеген сауалға тұщымды жауап қайтарып, алдағы мақсат-міндеттер жөнінде ой-пікірін білдірді.
Сұхбат барысында кең-байтақ Қазақстан әлемдік саясатта қалай бағаланатыны жөнінде келелі ойлар айтылды. Президент орналасқан жері, экономикалық әлеуеті және қазіргі геосаясат арқылы еліміздің жер жүзіндегі көптеген мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар ел екенін атап өтті. Бұл халықаралық аренадағы іс-әрекетімізге жауапкершілікпен қарап, күрделі мәселелерге байланысты сындарлы ұстанымда болу қажеттігін көрсетіп отыр.
Қай кезде де елдің ауызбірлігі, татулығы мен достығы жоғары жетістіктерге жетелейді. Татулықты ту еткен халқымыз сын сәтте ортақ іске жұмылып, қиындықты артқа қалдырып келеді. Былтыр су тасқыны болған аймақтарда қиындыққа тап келген ешбір тұрғын мемлекет қолдауынсыз қалған жоқ. Олардың әрбіріне тұрғын үй салынып, келген шығын толығымен өтелді. Қиын сәтте еріктілердің де елеулі еңбегі көзге көрінді.
Өткен жылы қолға алынған республикалық «Таза Қазақстан» жобасы да елді мекендердің тазалығына оң әсерін тигізді. Оған Сыр жұртшылығы да белсене атсалысты. Бағамдап қарасақ, ол тұрмыс сапасын арттыратын игі бастама екені даусыз. Сондықтан оны алдағы уақытта да кеңінен насихаттап, күнделікті өмір салтына айналдыра білгеніміз абзал. Халқымыз «Тазалық табалдырықтан басталады» деген тәмсілді бекер айтпаса керек-ті.
Сондай-ақ сұхбатта қоғамда кеңінен сөз болып жүрген атом энергетикасын дамыту, бірыңғай уақыт белдеуі, кәсіпкерлікті дамыту, доллар бағамының өсуі, ауыл шаруашылығы, цифрлық даму, сыбайлас жемқорлықпен күрес секілді көптеген мәселе кеңінен қамтылған.
Жорабек НҰРЫМБЕТОВ,
облыстық мәслихат депутаты,
«Қазсушар» Қызылорда өндірістік учаскесінің басшысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<