Азаматтардың амандығы үшін

314

0

Елімізде, өз туған қаламызда болып жатқан жағдайларға салқынқандылықпен  сараптама жасап, «біз қай жерден қате жіберіп алдық?» деп ойладым. Жап-жас балалардың көкірегіндегі өшпенділік, жолындағының бәрін жайпап өтетін қатыгездік қайдан пайда болған? Бұл ретте жауапкершілік, ең алдымен, ата-анадан сұралатыны белгілі. Сондықтан барша ата-аналарды балаларыңызға ие болуға шақырамын. Өз шаңырағымызды өзіміз шайқамайық, ортасына түсіріп алсақ қайта тіктеу қиынға соғары анық.

Біз соғыс көрген қартымыз да, соғыстан кейінгі елдің ауыр тұрмысын көрген аға буын да, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы аумалы-төкпелі кезеңді көрген менің қатарластарым да бір қоғамда бірге өмір сүріп жатырмыз. Тоқсаныншы жылдары студент болған ұрпақтың өкілі ретінде айтсам, біз жылу желісінен ажырап қалған жатақханада тұрдық, суық аудиториялардағы дәріске қатыстық, кітапханада дірдек қағып отырдық. Қазіргі 20-25-тегі жастар мұның бірін де көрген жоқ. Бәрі осылай бола қалды деп ойлауы мүмкін. Сол жылдары біздің ойымызда алған білімімізді көңілге тоқу, ата-анамыздың үмітін ақтау ғана болатын. 

Кейінгі күндері, әсіресе, күштік құрылымдарда еңбек ететін қызметкерлердің, әскердегі сарбаздардың аналары мен жарлары жанын шүберекке түйіп отыр.  Бала өсіріп отырған ана ретінде оларды түсінемін, қолдан келгенше моральдық көмек көрсетуіміз керек деп ойлаймын. Ресми хабарлардан естіп отырғанымыз жанымызды одан сайын түршіктіре түсуде. 

Президент үндеуіндегі «Әсіресе, Алматыдағы ахуал өте күрделі. Біздің сүйікті қаламызда құқық қорғау қызметкерлеріне жаппай шабуыл жасалып жатыр. Олардың арасында қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Бұзақы топтар әскери қызметшілерді ұрып-соғып, көшеге жалаңаш шығарып, мазаққа айналдыруда. Әйелдерді зорлап, дүкендерді тонап жатыр» деген жолдардан кейін бүлікшілердің көздеген мақсаты ел ішін бүлдіру болғанына көзім жетті.

Көпбалалы ана, балалар үйінің құрылтайшысы ретінде барша аналарға Мемлекет басшысына қолдау көрсетіп, өз балаларыңыздың қауіпсіздігін қадағалаңыздар дегім келеді. Жарларыңызға, әкелеріңіз бен ұлдарыңызға тірек болыңыздар. Сіз бен біз бекітілген тәртіпке бағыну, қамқорлық пен түсіністік таныту арқылы балаларымыздың өмірі мен денсаулығын сақтап қаламыз. Бүгінде әскерилер, полиция қызметкерлері, дәрігерлер және басқа да мамандық иелері бәріміздің амандығымыз үшін күресуде. Құрметті аналар, қорғаушыларымыздың қауіпсіздігі үшін үйде, балаларыңызбен, жақындарыңызбен бірге болыңыздар.  

Анар ІЗДЕН,

облыстық «Үкіметтік емес ұйымдарының альянсы» ассоциациясының төрайымы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<