Азаттықтың арайлы ақ таңы

578

0

Тәуелсіздікке даңғыл жол ашқан декларация қабылданған 25 қазан – Республика күні қазақстандықтардың басты мерекесіне айналды. Дүрбелең заманды басынан өткерген қазақ халқы азаттықтың арайлы ақ таңымен қауышты.

Екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел жұртшылығын Республика күнімен құттықтай отырып, «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қастерлі тәуелсіздігімізге жол ашты. Сондықтан бұл тарихи құжаттың мән-маңызы зор. Біз биылдан бастап Республика күнін ұлттық мереке ретінде жаңа мазмұнда атап өтеміз. Осы бастама жұрттың кең қолдауына ие болып, дәстүрге айналарына сенімдімін. Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке» деген еді.

Егемендік декларациясы сан ғасырлық салт-дәстүр мен таным-түсінікті ерекшелей отырып, әлем елдерінің алдында айбынымызды асырып, абыройымызды асқақ етті. Халқымыздың жарқын келешегі мен игілігі үшін Республика күнінің маңызы ерекше. Бұл күн жаңашыл істердің қайнар бастауына айналды. Рухани құндылықтарды қастерлей отырып, тәуелсіз еліміздің тұғырын биік етуге жол ашылды. Тәуелсіздік пен тұтастықты негізге ала отырып, бірлігімізді бекемдей түстік. Елімізде тұрақтылық пен татулықтың мызғымас үлгісі қалыптасты.

Мемлекетіміздің қалыптасу жылдарында Ата заңымыз қабылданып, Елтаңба, Ту және Әнұран бекітілді. Ұлттық валюта – теңгенің енгізілуі еліміздің қалыптасу кезеңіндегі елеулі оқиғаға айналды.

Егемендік ұлан-ғайыр даланы мекен еткен халқымыз үшін елеулі өзгерістер алып келді. Демократиялық даму жолында ішкі және сыртқы саясатты ұлттық мүдде арнасында жүргізіп келеміз. Елдің бірлігінің арқасында зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың іргетасы берік қаланды. Жаһандық өркениет көшінде орнымызды еншілеп, әлем жұртшылығы алдында кеңінен танылуға жол ашылды. Халықтың ертеңгі күнге деген сенімі нығая түсті.

Бүгінде Қазақстанның халықаралық аренадағы орны айрықша. Экономикада, әлеуметтік-тұрмыстық салада көптеген жоғары жетістіке қол жетті. Бұл кемел болашаққа кеңінен жол ашты.

Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,

«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қызылорда облысы бойынша

Кәсіби даму институтының директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<