Баршамыз жауаптымыз

521

0

Бейбіт шеру болып басталып, арты содырлардың ылаңына ұласқан  оқиғаны Мемлекет басшысы «билікті басып алу, басқару институттарын мен конституциялық құрылымды бұзу» және «мемлекеттік төңкеріске талпыныс» деп атады. «Бастапқыда олар өздерін бейбіт шерушілер ретінде көрсетті. Құқық қорғау күштерін, тіпті қала тұрғындарын жаңылыстырды. Ал содан кейін тарихта Алматы трагедиясы деп аталатын жайт орын алды», – деп жазды. Қиын-қыстау кезеңде жедел шешім қабылдап, елдегі жағдайды қалпына келтіру мақсатында бірнеше рет үндеу жариялады.

Бұл Үндеулерде халықтың жанайқайы ескерусіз қалмайтынын атап өтті. Бүліншілік кесірінен ең қасиетті, ең киелі деп саналатын Тәуелсіздігімізден айырылу қаупі төнді.

Отыз жыл бойы еңсесін тіктеген Тәуелсіздігіміздің тұғырын берік қылуға баршамыз жауаптымыз. Іштен шыққан және сырттан соққан жаудың құйтырқы әрекеттерінің нәтижесінде, ел іші бүлініп, қалаларымыз қирап, стратегиялық нысандарымыз отқа оранып, бейбіт тұрғындарымыз зардап шекті. Ірі сауда орталықтары тоналып, банктер мен қоғамдық орындар талқандалып, жарамсыз болып қалды. Өзінің әсемдігімен әлемге танылған Алматымыз қара түтінге тұншықты. Тұрғындарымыздың көзіне үрей, жүрегіне алаң орнап алды.

Сырттан мұздай қаруланған экстремистік топтар бейбіт шеруге шыққан жұртты арамза пиғылмен арандатып, ел ішін алатайдай бүлдіріп, тыныш өмірімізге ойран салып, бассыздықпен, қаныпезерлікпен жазықсыз жандардың қанын төкті. Отанымның бейбіт өмірін, халқымның тыныш тірлігін қорғаймын деп жүрген қаншама өрімдей қыршын жастардың артында аңырап ата-анасы, жары мен сәбилері қалды. Мұндай сұмдық оқиғаларды Қазақстан бұрын-соңды көрген емес. Өздерінің пасық мүдделері үшін халық пен қалаларды құрбандыққа шалған қоскөйлердің жауыздық, әрекеттерін зиялы, көзі ашық азаматтар қатаң айыптауда.

Сондықтан осындай еліміз үшін тарихи сын сағатта біз заңды түрде сайланған, барлық құзыретті қолына алған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қасына топтасып, бірлесе қимылдап, елдегі жағдайды тұрақтандыруға тиіспіз.

Күллі Алаш жұртын бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлікте болуға шақырамыз! Біз Президентіміздің әр азаматтың, әр отбасының, тұтас қоғам қауіпсіздігінің жалғыз кепілі екендігіне көз жеткіздік. Мен күшті де қуатты, әсем де әлеуетті мемлекеттің ертеңіне сенемін! Аман болайық! Ел бірлігі мен берекесін сақтайық, ағайын!

Гүлнар ЕСҚАЛИЕВА,

облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы,

 облыстық мәслихат депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<