Басты бағыт – экономиканы дамыту

739

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің экономикасын дамыту үшін алдағы 3 жылда орындалуға тиісті негізгі міндеттерді айқындап берді.

Мемлекет басшысы Жолдауында елімізде ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары іске асырылғанын айтты. Бұл реформаны жүзеге асыруда Парламент пен Үкіметтің белсенді жұмысына оң баға берді. алдағы кезеңде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыру үшін Парламенттің ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Бұрын елімізде жүзеге асырылған саяси реформалардың қол жеткізілген нәтижелеріне жалпылама тоқталып, алдағы кезеңде осы жұмысты түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру міндеті тұрғанын жеткізді.

Бір сөзбен айтқанда, әлем тарихында бұрын болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталған осынау күрделі шақта еліміздің өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторларын ұтымды пайдалану керегін айтты. бар күш-жігерімізді халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартудың негізгі факторы экономикалық серпіліс жасауға бағыттаудың маңыздылығын, ол үшін экономиканы әртараптандырудың басым бағыттарын ашып көрсетті.

Бірінші кезекте өңдеу саласын жедел дамытуға аса мән беріп, сапалы өнім шығаратын кластер құру жолымен ел экономикасын өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу, яғни, өндірістің барлық саласы бойынша елімізде бар шикізаттан тұтынуға дайын сапалы өнім шығаруға түбегейлі бетбұрыс жасап, жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшу көзделіп отыр.

Екіншіден, барлық ішкі мүмкіндіктерді пайдалана отырып, еліміздің туристік әлеуетін дамыту. Осы салада бұрын орын алған кемшіліктерді ескере отырып, кемінде 15 ірі жоба әзірленеді.

Үшіншіден, Үкімет жобасын әзірлеген жаңа мемлекеттік сатып алу туралы заңы мен автоматтандырылған жаңа мемлекеттік сатып алу жүйесі 2024 жылдан бастап қолданысқа енгізілетін болады. Бұл жаңашылдық  осы саладағы түйткілді мәселелерді шешіп, бітпейтін дау-дамайларды біржола жоюға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, жаңа жүйе сатып алу үдерісін «баға емес, сапа» қағидатына басымдық беру тұрғысынан оңтайландырады. сатып алу мерзімін едәуір қысқартады және жұмыстарды орындау, тауарларды жеткізу, көрсетілетін қызметтер «басынан бақайшағына дейін» жасау тәсілімен жүзеге асырылады.

Аталған өзгерістер еліміздің кәсіпкерлеріне одан әрі қолдау көрсетуге жағдай жасап, алдағы 3 жылда жергілікті өнімдер мен қызметтерді сатып алудың үлесін едәуір арттыруға жол ашады.

Сонымен қатар, Президент елдегі ішкі нарықты, отандық өнім өндірушілерді қорғау деңгейін көтеру мақсатында сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керектігін айтты.

Тағы бір маңызды мәселе, еліміздің минералды шикізат базасын толықтыру үшін алдағы 3 жылда геологиялық барлау ісінің қарқыны күшейтіліп, геологиялық жаңалықтар ашуға бетбұрыс жасалады.

Тау-кен саласының әлеуетін барынша ашу, басқару жүйесін жаңғырту, сирек кездесетін металл кеніштерін игеру бағытында ірі көлемде жеке инвестицияларды тарту шаралары қолға алынбақ. өз қаржысына геологиялық зерттеу жүргізген инвестордың жер қойнауын пайдалану кезінде басым құқыққа ие болуы қамтамасыз етіледі. Бұл бастамалар – өңдеу индустриясын өркендетудің негізгі факторлары.

Бұдан бөлек, қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту мақсатында еліміздің қорғаныс саласының материалдық қажеттілігін қамтамасыз ету үшін әскери өнім өндіретін жергілікті кешен құрылады. Жүзеге асырылатын бұл шаралар әскери техника мен қару-жарақ импортын азайтып, армиямызды жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықтауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Жолдауда агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне өте маңызды міндеттердің бірі ретінде ерекше назар аударды. Алдағы 3 жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізіп, Қазақстанды Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналдыруды стратегиялық мақсат етіп қойды. Бұған қоса, егін шаруашылығын реформалау, ауыл шаруашылығына жоғары технология әкелу, инновациялық амал-тәсілдер енгізу, агроғылымды дамыту және оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолданудың маңыздылығын атап көрсетті.

Сол сияқты, халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымды жаңғырту, жылу-электр станцияларын салу арқылы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елді мекендерді газдандыру, су ресурсын ретке келтіру, көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру, бәсекелестікті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы маңызды мәселелерді шешудің жолдарын нақтылап берді.

Қорыта айтқанда, Жолдауда жоспарланған экономикалық реформаларды жүзеге асыра білсек, халықтың әл-ауқаты артып, еліміздің өркендейтіні хақ.

Сондықтан барша қазақстандықтарды Жолдау жүктеген міндеттерді іске асыруға біркісідей атсалысуға шақырамын.

Мемлекет басшысы елімізде жұмыскерлердің өндірісте мертігу және қазаға ұшырау жағдайларының жиілеуіне алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін шаралар қабылдауды тапсырды.

Өз кезегінде облыстық бақылау жөніндегі басқармасы еңбек жағдайымен байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алу, болдырмау мақсатында облыс аумағындағы жұмыс беруші субъектілер арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардан өндіріс орындарында қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуді қатаң талап етіп келеді. Басқарма Жолдаудан туындайтын міндеттерді орындау үшін еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңнамалардың сақталуына бақылау мен қадағалауды одан әрі күшейтеді.

Сондай-ақ Президент Жолдауында қамтылған барлық сала бойынша алдағы уақытта іске асырылатын жұмыстардың сапасына қатысты қатаң талап қойылады. Сәйкесінше, басқарма облыс аумағында салынып жатқан әлеуметтік және басқа да нысандарда құрылыс-монтаждау жұмыстарының бекітілген жоба бойынша сапалы орындалуына, салалық нормативтер мен ереже талаптарының қатаң сақталуына инспекторлық бақылауды жүзеге асырып келеді. Басқарма халық игілігі үшін пайдалануға берілетін білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және басқа да салалардағы нысандардың сапасын қамтамасыз етуге өз үлесін қосады.

 Ғ.ҚАЛИЕВ,

 облыстық бақылау жөніндегі басқармасының басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<