Басты құндылық – тұрақтылық

454

0

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты бәрімізді бей-жай қалдырған жоқ.

Саяси-әлеуметтік, тарихи маңызы мен мағынасы терең сұхбатта еліміздің одан әрі саяси, әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары нақты белгіленіп отыр. Бүгінгі күні жүргізіліп жатқан саяси реформалармен бірге, экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту жұмыстары қарқынды дамыды. Мемлекет басшысы елімізде жайлы мектептер бой көтерумен қатар, жүздеген ауылдарда денсаулық сақтау нысандарының салынып жатқанын, әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қолдау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданғанын, табиғат қорғау мекемелері қызметкерлеріне қосымша төлемақы, сонымен бірге медицина саласы, мектепке дейінгі мекемелер, мектептер мен колледждерде жұмыс жасайтын педагогтер жалақысының өскендігін және бұл жұмыстар жүйелі түрде 2024 жылы жалғасын табатынын ерекше атап өтті. Бұл осы салада қызмет жасайтын барша азаматтардың көңіліне үміт пен қуаныш ұялататыны анық емес пе?

Ұлт болашағына қатысты тағы бір басты мәселе – Ұлттық қордан балаларға қаржы бөлудің заңмен шешілгені. Мұның дәлелі – 2024 жылдан бастап жүзеге асырылатын «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу.

Сұхбатта аталып өткен тағы бір маңызды бағыт Халықаралық ынтымақтастық мәселесі. Бұл туралы Мемлекет басшысының «Орталық Азия – геосаяи ахуалға қатысты өз пайымы бар әрі қарқынды дамып келе жатқан аймақ. Бүгінге бұл өңір сауда, инвестиция, бизнес пен инновация үшін жаңа мүмкіндіктер орны болып отыр. Сол себепті әлем елдері Орталық Азияға айрықша назар аударуда. «С5+» үлгісі маңызды диалог алаңына айналды» деп ерекше назар қойып атап өтуі тегін емес. Мұның бір дәлелі кейінгі жылдары елімізде көптеген жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының, ғылыми-инновациялық орталықтар филиалдарының ашылуы деуге болады. Бүгінгі күні шетелдік әріптес жоғары оқу орындарынан, оның ішінде Шығыс Еуропаның, Ресей мен Беларусьтің және Орталық Азия мемлекеттерінің университеттерінен бірлескен жобалар туралы кері байланыстар бар. Бұл – жақын уақыттағы болашақтың еншісінде атқарылатын шаруалар.

Қандай мәселе көтерілсе де бүгінгі күні ұлттық идеология ең басты болып қала бермек және барлық салада жүйелі түрде қалыптасу керек. Сондықтан ол еңбекқорлық пен жаңашылдыққа бастайтын ел экономикасының барлық салаларында басты құндылық болса, дамудың даңғыл жолы кеңейе беретіні анық. Бұл туралы Президент: «…ұлтымыз өсіп-өркендесін десек, біз жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керек.

Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс» деп түйіндеді.

Сұхбатта ел болашағы жастарға қатысты да ерекше ой айтылып, Мемлекет басшысы «қазақ елінің жастарына сенемін» деді. Жаңа мамандықтар мен жаңа технологиялардың пайда болу дәуіріне төтеп беретін жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге, озық білімін тиімді пайдалануға қабілетті жастардың рөлі арта түспек. Президент сөзімен айтар болсақ «ойы ұшқыр жастарымыз болашақты бағамдай алады әрі дәйекті дамуға ұмтылады».

Осы орайда Президенттік кадр резервінің жасақталуы, кәсіби жас мамандар мемлекеттік қызметте, басқа да салаларда басшылық қызмет атқара бастағаны – уақыт талабы.

Жалпы сұхбатта айтылған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді тағы бір зерделейтін болсақ, оның нақты дәлелі мен көріністерін кейінгі жылдары Сыр өңірінде жүзеге асырылып жатқан орасан зор серпінді инвестициялық жобалардан, салынып, пайдалануға беріліп жатқан бірнеше ондаған әлеуметтік, денсаулық сақтау нысандары, мектептер мен балабақшалар, тұрғын үйлер, басқа да көптеген мәдени абаттандыру жобаларынан көруге болады.

Түйіндей айтқанда, өткенге зерделей қарап, алдағы уақытта қазақ елінің одан әрі серпінді дамуы, ұлттық біртұтастықты сақтау жолында әрбір азамат уақытпен санаспай, аянбай еңбек етуі қажет деп санаймыз.

Абайбек ЖҮНІСОВ,

техника ғылымдарының кандидаты,  қауымдастырылған профессор,

Қызылорда ашық университетінің  бірінші проректоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<