Бейбіт елдің аспаны шуақты болғай

664

0

Ең алдымен, өткенге – салауат. Кешегі қиын күндері елдің тыныштығы үшін жанын пида еткен қызметкерлердің, бейбіт тұрғындардың, жақынынан, қимасынан айырылған жандардың отбасына қайғыра көңіл айтамыз. Қаза қайырлы болып, арты жақсы болсын.

Біздің бір нәрсеге көзіміз анық жеткендей болды. ол – Тәуелсіздік үшін күрестің тәуелсіздік алумен аяқталмайтындығы. Бұл мәңгілік күрес сияқты. Бір сәт мызғуға, бір сәт босаңсуға болмайды. Жасыратын ештеңесі жоқ, осы өткен оқиғалардан кейін көп адамның бойын үрей мен қорқыныш билеп алғаны мәлім. Ол өзіміздің де басымыздан өтті. «Торғай жаңбыр жауса баласын, бұршақ жауса, басын қорғайды» дегендей, мемлекет те өз азаматтарының қауіпсіздігін қорғауға өз күші бойында барда, бүкіл жүйесі толық жұмыс істеп тұрғанда қауқарлы. «Тарих сабағын оқитындар көп, тарихтан сабақ алатындар аз» деген сөз де бекер емес. бұл жағдайлардан халық та, билік те жақсы сабақ алды деп ойлаймын.

Біздің осы бейбіт күнге, азат таңға жетуіміз үшін аз соғыс болған жоқ. Көптеген геноцид, репрессия, қиян-кескі майдандар өтті. Адамзат тарихындағы ең ауыр кезеңдерді бастан кешірдік. Дүниенің сақылдаған диірменінен бүтін түскен бидай секілді осы күнге аман жеттік. Бұл кезеңнен де бұйырса өтеміз.

Қараңғының қоюланғаны – жарық таңның жақындағанының хабары. Адам ағзасының жасушалардан тұратыны сияқты, Отан да отбасыдан тұрады және сол жерден басталады. Бір жасушаның бұзылуы тұтас ағзаға қиындық тудыратыны секілді, әрбір отбасының жағдайы мемлекетке әсер етеді. Біз мемлекеттен өз хақымызды талап етумен қоса, мемлекет пен қоғам алдындағы өз міндеттерімізге де сақ қарауымыз керек. Әрқайсымыз дұрыс білім алып, тынбай еңбек етіп, өз саламыздың майталман маманы атанып, елдің ертеңіне аянбай қызмет жасасақ – алынбайтын қамал, аспайтын белес жоқ. Қазірге дейін де бұл жұмыстар жасалып келе жатыр, енді екі есе қарқын қоссақ, біз тірелетін тұйық көп болмайды деп ойлаймын.

Шүкір, еліміз егесіз емес. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дер кезінде жағдайды бақылауға алып, нақты қадамдар жасай білді. Ең қиын сәттерді бастан өткеріп жатқанымызға қарамай, жарқын болашаққа бастайтын Үндеуін Қазақстан халқына жолдады. Әлбетте, біз мұндай сәтте Мемлекет басшысының маңына топтасып, ортақ идеяға бірігуміз керек. Экономика мен идеологияны қатар ұстап, екі тізгінді де бос жіберіп алмауға тиістіміз. Елдің күші селдің күшінен кем емес. Бірігіп талай тірлікті атқарамыз. Лайым енді ешқандай қиындық пен дүрбелең қайталанбай, бейбіт елдің аспаны  шуақты, мемлекетіміз айбынды, қуатты болсын! Біздің күшіміз – бірлікте!

Мұхтар НИЯЗОВ,

айтыскер ақын, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<