БЕЙБІТШІЛІК, ТҰРАҚТЫЛЫҚ ЖӘНЕ ДАМУ

77

0

Фото: автордан

Шанхай ынтымақтастық ұйымы географиялық жағынан Еуразия аумағының шамамен 80 пайызы және халық саны бойынша әлем халқының 40 пайызын қамтитын ірі халықаралық ұйым болып табылады. 2021 жылғы жағдай бойынша ұйымға мүше елдердің жалпы ішкі өнімі әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 20 пайызын құрайды. Біздің еліміз үшін биылғы жыл – осы әлеуетті халықаралық ұйымға төрағалық жылы.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейсенбі күні «ШЫҰ плюс» саммитінде сөз сөйлегені баршамызға белгілі. Президенттің ШЫҰ қызметінің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту маңызды бағытының бірі ретінде назар аударғанын ерекше айтқымыз келеді. Бұл бағыт өзара түсіністік пен тұлғааралық байланысты нығайту және мүше-мемлекеттердің мәдени байлығын ілгерілетуге бағытталады деп ойлаймыз. Мәдени алмасу, ғылым және білім саласындағы бастамалар, азаматтар арасындағы байланыстар, гуманитарлық ынтымақтастық және тиімді жүзеге асыру стратегиялары ШЫҰ-ның Еуразиядағы бейбітшілік, тұрақтылық және дамуды ілгерілетудегі рөлін күшейте алады. Бұл талпыныс азаматтардың рухани дүниетанымы мен құндылықтарын байытып қана қоймай, мүше-мемлекеттер арасындағы байланыстарды нығайтады, аймақтық қауымдастықтың біртұтас және үйлесімді болуына ықпал жасайды.


Президент төрағалық жылындағы «Көпжақты диалогты нығайту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» ұраны біздің ортақ миссиямыздың рухын қысқаша көрсететіндігін» айтты. Осы тұста Қазақстан төрағалығы жылындағы ұранды әлемдік философиялық көзқарастар шеңберінде талдауды жөн санап отырмыз. Неміс философы Ю.Хабермас еңбектерінде көпжақты диалог түрлі тараптар арасындағы ашық және ұтымды қарым-қатынастың маңыздылығын көрсетеді. Сонымен қатар, Ю.Хабермастың коммуникативті әрекет теориясында диалог арқылы адамдар өзара түсіністік пен консенсусқа қол жеткізе алады және бұл демократиялық қоғамның негізі болып табылатындығы айтылады. М.Бубер және Э.Левинас секілді философтар көпжақты диалогтың этикалық өлшемдерін зерттейді.


М.Бубердің «Мен-Сен» қатынасы тұжырымдамасы шынайы, өзара қатысудың маңыздылығын көрсетсе, Э.Левинас кез келген диалогта «Басқаның» алдындағы этикалық жауапкершілікті белгілейді. Көпжақты диалогтың құндылықтар аясындағы белгілеріне барлық айтылған көзқарастардың естілуі және құрметтелуін қамтамасыз ету, түрлі пікірлер мен тәжірибелерді сыйлау және ашық диалог арқылы дәлелді пікірталас пен шындықты іздеу жатады.


Августин, Ф.Аквинский сынды философтар және кейінгі пацифистік ойшылдар дүниені әділетті деп санауға болатын шарттар және оны қалай сақтау керектігін талқылайды. Тұрақты бейбітшілік мақсаты осы этикалық ойлар тұрғысында тұжырымдалады деп ойлаймыз. Ал норвегиялық ғалым
Й.Галтунг құрылымдық зорлық-зомбылық тұжырымдамасында бейбітшілік соғыстың жоқтығы ғана емес, әділеттіліктің болуын білдіретіндігін дәйектейді. Демек, тұрақты бейбітшілік қақтығыстарға әкелетін әлеуметтік және экономикалық теңсіздіктерді жоюды талап етеді. Сондықтан тұрақты бейбітшілік аясындағы әділеттілік ресурстар, мүмкіндіктер және құқықтарды бөлудегі барлық адамдар мен топтардың шынайы қолжетімділігін қамтамасыз етеді.


А.Леопольд және А.Несс сынды философтар жер этикасы және терең экология сияқты тұжырымдамалар арқылы тұрақты дамуды талқылауға үлес қосты. Осы философиялық көзқарастар табиғаттың ішкі құндылығы және адамдар мен қоршаған орта арасындағы үйлесімді қарым-қатынастардың қажеттілігін көрсетеді. Дж.Ролз пен Х.Йонас бүгінгі даму болашақ ұрпақтың өз қажеттіліктерін қанағаттандыру қабілетіне нұқсан келтірмеуіне байланысты жаңа буын алдындағы моральдық міндеттемелерді талқылайды. Бұл көзқарастарда болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны қорғау және сақтаудың этикалық парызы құндылықтарындағы адамзат жауапкершіліктері айқындалады.


Қазақстанның ШЫҰ-на төрағалығы жылындағы ұран ұғымдары элементтерін біріктіре отырып мынадай қорытындыға келеміз: көпжақты диалог шиеленістерді шешудің және шешім қабылдаудың негізгі құралы болып табылады және этикалық міндеттемелер мен өзара құрметке назар аударады; тұрақты бейбітшілік тек соғысты тоқтату ғана емес, қоғам ішінде және арасында әділеттілік пен теңдікті орнатуды көздейді; тұрақты даму экономикалық және әлеуметтік прогреске қоршаған орта мен болашақ ұрпақ денсаулығына зиян тигізбеу арқылы тұрақтылыққа ұмтылумен сипатталады.

Ботагөз ПАРИДИНОВА,
философия магистрі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер секциясының аға оқытушысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<