Білім-ғылымға басымдық бәсекелестікті күшейтеді

507

0

Әдеттегідей алтын күз жаңа саяси науқанмен басталды. Парламент Палаталарының бірлескен отырысы Мемлекет басшысының Жолдауымен ашылды.

Жалпы Жолдау мазмұнына талдау жасар болсақ, адамдардың бойындағы жаңа әдеттер мен дағдылардың қалыптасуы, жаңа құндылықтардың орнығып жатқан кезеңдегі жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларға басымдық берілген. Осыған дейін аталған мақсаттағы қабылданған бірнеше Заңдар мен заңнамалық құжаттар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға сенім ұялатады.

Экономиканы әртараптандыру, инфляцияны ауыздықтау, ақша-несие саясаты, мен фискалды саясат арасындағы үйлеспей жатқан мәселелерді шешу маңызды мәселе болмақ, себебі бүгінгі күні ел экономикасының басты көрсеткіші шағын және орта бизнес нәтижелері мен табыстарынан көрініп, бағаланатыны жасырын емес.

Дегенмен білім, ғылым саласы өзіміз осы саланың өкілі болғандықтан әрдайым бізді қызықтыратыны рас. Жолдауда еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттырудың маңыздылығы баса айтылды. Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауымен бүгінгі күні қазақстанда халықаралық рейтингтерде топ университеттер қатарындағы 25 жоғары оқу орны филиалдарын ашып, қосдипломды бағдарлама, бірлескен білім бағдарламаларын ашып жұмыстарын жүргізе бастады.

Интернационалдандыру стратегиясын жүзеге асыра отырып, осы үдерісті ғылыми технологиялық басымдықтармен үйлестіру өте өзекті мәселе. Осылайша отандық мамандар мен ғалымдар, олардың ғылыми зерттеулерінің нәтижелері халықаралық аренада мойындалмақ. Осы ретте жасанды интеллект бағыты бойынша мамандар даярлаудың да маңызы зор, бұл саладағы мамандардың елімізде, оның ішінде өңірімізде даярлана бастауы көңілге үміт ұялатады.

Жолдауда аталып өткен тағы бір басты мәселе – кәсіптік білім беру саласын реформалау. Бұл ел экономикасын дамытудың басты қозғаушы күші, сонымен қатар инвестициялық тартымдылығын арттыру ретінде аса маңызды қадам екені аталды. Мемлекет басшысының сөзімен айтар болсақ «… жұмысшы мамандарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясы насихатталады».

Бүгінде елімізде кәсіптік және техникалық білім ұйымдарының заман талабына сай қол жеткен жетістіктері қомақты. Аймағымыздағы осындай білім ордаларының мәртебесі де болашақта биіктей бермек, дегенмен алдағы уақытта жүктелер міндеттер мен жауапкершіліктің салмағы да зор болады. Осындай әрбір оқу орны білім алушыларға кәсіпкерлік дағдыларын оқытып, соған бейімдейтін болса, диплом алып шыққан жас маман өз кәсібін ашып кетуіне де мүмкіндіктер ашылмақ. Мұндай тәжірибе шетелдік оқу орындарында жүйеге қойылған.

Сондықтан да осындай мәселелердің барлығын ескере отырып, Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны тегін емес деп ойлаймыз.

Қорыта келе биылғы Жолдау еліміз экономикасының өсіміне, әлеуметтік саланың одан әрі өркендеп, білім, ғылымның дамуына серпін беретін маңызды құжат деп қабылданып отыр.

Абайбек ЖҮНІСОВ,

 Қызылорда ашық университетінің бірінші проректоры,

техника ғылымдарының кандидаты, профессор,

Халықаралық Болашақ стипендиясының иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<