Өркениеттің өлшемі де, мемлекеттің келешегі де қоғамдағы білім деңгейіне тәуелді. Бір ұлттың, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің кепілі – білім. «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» деп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, білім барлық уақытта жоғары құндылықтардың бірі болған.
Табысты болудың ең іргелі, басты факторы – білім, сондықтан да білім әрдайым бірінші орында тұруы тиіс. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Тек білімді, сауатты, жан-жақты адам ғана болашақ тізгінін өз қолына ала алады.
Мемлекет басшысының Жолдауында: «Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты» деп атап көрсеткеніндей, Жаңа Қазақстанның жаңғыруына білімді ұрпақтың қосар үлесі зор. Осы мақсатта білім беру жүйесіне, ұстаздар қауымына артылар жүктің салмағы ауыр.
Қазіргі кезде елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім кеңістігіне енуге бағыт алуда. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болуда. Болашақ ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды. Заман көшіне ілесе отырып, жаңаша бағытта жұмыс жүргізу – барша ұстаздардың алдында тұрған негізгі міндет. Ұстаз болу – ең жауапты, мәртебелі міндет. Жас ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуына бағыт беретін де ұстаздар қауымы. Алдына келген әрбір шәкіртін білім нәрімен сусындатып, болашақ өмірінде еркін ойлауға, қажет кезде дұрыс шешім қабылдауға, әрдайым өзін-өзі жетілдіруге де баулитын осы ұстаз. Ол үздіксіз ізденгенде ғана, шәкірт жанына нұр құя алады. Сондықтан да ой жүйесі терең, алыстан пайымдап, тереңнен тамырланған дүниетанымы кең ұрпағымызды тәрбиелеу үшін ұстаздар қауымы үздіксіз ізденісте болуы қажет. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңа бағдарлама – бәсекеге қабілеттілігімен ерекшеленуі тиіс келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыруды көздейді.
Ғылым мен техниканың жедел дамыған, ақпараттық мәліметтер ағыны күшейген заманда ақыл-ой мүмкіндігін қалыптастырып, адамның қабілетін, талантын дамыту білім беру мекемелерінің басты міндеті болып отыр. Сондықтан да әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалуы қажет.
Заманауи білім беру жүйесінің басты мақсаты – бәсекеге қабілетті, яғни халықаралық деңгейде өзін еркін ұстай алатын зияткер ұрпақты тәрбиелеу, әр баланың бойындағы табиғат берген ерекше қабілетін, дарынын танып, ағымға қарай икемдеп жетілдіру.
«Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі – тұман» деп Міржақып Дулатов айтқандай, жаңа дәуір – ақпарат пен ғылымның ғасыры. Мақсатты білім беру тұлға дамуын жүзеге асырады.
Еркін АҚШАЛОВ,
№8 облыстық арнайы санаториялық мектеп-интернатының директоры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<