Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауында ел көкейінде жүрген көптеген мәселелер айтылды. Жалпы бұл Жолдау тың, саяси реформаларды қамтиды. Соның бірі – биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауының өтуі. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қойған Президент оның өкілеттік мерзіміне қатысты ұстанымын жеткізді. Оның ойынша, жеті жылда бірқатар ауқымды бағдарламаларды жүзеге асыруға, талай істерді тындыруға әбден болады. Мемлекет басшысының бұл бастамасы құптарлық, осы мерзімде жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуді қамтамасыз етуге болады.
Жалпы адам әлеуетін дамыту – маңызды мәселе екенін айта келіп, Президент шет елде жүрген дарынды азаматтарды елге тарту қажеттігін атап өтті. Әсіресе, шығармашылық және кәсіпкерлік салада жетістікке жеткен азаматтарды шақыру қажет яғни, алдағы уақытта тиімді көші-қон саясатын жүзеге асыру керектігі туындайды. Шындығында, қаншама дарынды отандастарымыз шет елде, сол елдің экономикасының өсіп-өркендеуіне, мәдениетінің артуына қызмет етіп жүр. Олардың көпшілігі өзінің туған жеріне оралғысы келетіні анық. Соған орай қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгеретін болады. Сонымен қатар шет ел кәсіпкерлері он жылға виза рәсімдеп, Қазақстанда тұруға мүмкіндік алады. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуы қажет, өйткені, мемлекетті дамытатын, өркендететін сондай жандар. Осы орайда, өз елімізде, сіз бен біздің қасымызда жұмыс талғамай еңбек етіп, табыс тауып жүрген көршілес мемлекеттердің азаматтары еске түседі. Біздің жастар олардан үлгі алуы тиіс. Туған жерде еңбек еткен әрине, жақсы. Сол шетелдік азаматтардың істеп жүрген істері біздің жастардың да қолынан келеді емес пе? Ең бастысы – адал еңбек. Қайда болса да адал еңбек ете білу қажет. Бүгінгі жастарымыздың осыны ұғына білуі ауадай қажет. Алдағы уақытта мұны жете түсінетін ұрпақты жетілдіруіміз керек.
Мемлекет басшысының Жолдауында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар ұсынылды.
– Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғары шегін 120 пайызына жеткізу қажет. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл қадам 2025 жылға қарай зейнетақы мөлшерін орташа алғанда 27 пайызға көбейтеді, – деді Президент. – Сондай-ақ, әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырамыз.
Демек, бұл қарт адамдардың кедейліктен ада болуына септігін тигізетіні анық. Ал, келесі жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын жоспар бойынша арттыру 61 жас деңгейінде, бес жылға дейін тоқтатылғаны көпшіліктің ризалық сезімін оятты.
Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Еліміздегі бірқатар шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Осы пилоттық жобаға қатысқан ауылшаруашылық кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім беріп, мал басы шамамен 25 пайызға өскен. Демек, әр өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, осындай оң тәжірибелерді бүкіл елге біртіндеп тарату қажеттігі туындайды. Келесі жылдан бастап еліміздің агроөнеркәсіп кешені жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істейді. Жолдауда игерілмей жатқан жерді қайтару мәселесі көтеріліп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 3 млн гектарға жуық жер мемлекетке қайтарылғаны айтылды. Бұл іс-шараның алдағы уақытта да жалғасатыны айтылған. Дұрыс шешім. Жер мәселесінің қиындауы осы уақытқа дейін көптеген бастамалардың, алға қойған міндеттердің жүзеге асуына кері әсер етіп келгені жасырын емес қой. Үкімет пен жергілікті әкімдер осыған орай алдағы мерзімде нақты, батыл ұсыныстар қабылдайды деп сенейік.
Ауыл шаруашылығының қадамын жаздырмай, өрісін кеңейтпей тұрған өзекті мәселелердің бірі – су тапшылығы. Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығының әбден кедергі келтіріп тұрғаны анық. Сырттан келетін су азайып барады. Сырдарияны ғана алайық. Атам қазақ әу баста-ақ «Сағадағы су ішеді, аяқтағы у ішеді» деп дөп басып айтқанындай, Сырдың суы тым азайып кеткенімен қоймай, жоғарыдағылардың түрлі қоқыстары мен төгілген қалдықтарының арнасына айналып отыр. Тозығы жеткен инфрақұрылым туралы айтудың өзі қиын. Президент аталған мәселелерді шешу үшін «Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет» деді. Мемлекет басшысының Жолдауындағы айтылған жоспар, ойға алған мақсат алдағы жылы іске асса, көңілге агроөнеркәсіп саласы ілгері басады деген үміт ұялайды.
Мемлекет басшысының кезекті Жолдауын Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері де жоғары сеніммен қабылдады. Жолдауды толық оқып шығып, өзара қызу талқылады. Өзіндік ойларын жеткізіп, оны жүзеге асырудағы ұсыныс-пікірлерін айтып жатты. Шындығына келгенде, ардагерлер – елдің ұйытқысы, көшбасшысы. Олардың бай тәжірибесі, ақыл-парасаты, ұлағатты өмірлік ұстанымы – өскелең ұрпаққа үлкен тағылым. Ардагерлер қауымы Мемлекет басшысын, оның халыққа арнаған Жолдауын қолдай отырып, еліміздегі саяси реформалар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуге, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін жаңғырта отырып, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулуға міндетті. Сонымен қатар, жастарға патриоттық тәрбие беру мен олардың бойларына адамгершілік тәрбие құндылықтарын сіңіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу арқылы келешекке ізгіліктің ізін қалдыру міндетіміз деп қабылдауымыз қажет. Облыстық ардагерлер кеңесінің биылғы жылға арналған жоспарында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 35 жыл толуына орай көптеген маңызды да мазмұнды іс-шаралар өткізу жоспарланған болатын. Онда ардагерлер қозғалысын дамытуға, оларды мәдени-көпшілік шараларға тартып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға баса назар аударылды. Ардагерлерді құрметтеу, материалдық және моральдық қолдау, олардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту бағытындағы жұмыстар да қаперде болады. Олардың әлеуметтік жағдайын арнайы тексеріп, тұрмысы төмен, әсіресе жалғызбасты зейнеткерлердің тізімін жасақтап, жергілікті билікке оларға материалдық көмек көрсету жайында ұсыныс жасалып келеді.
Кейінгі жылдары ардагерлердің демалыс орындарына барып, ем-шипа алуларына жағдай жасалуда. Сондай-ақ Семей полигонындағы қасіретке Сыр елінен он мыңға жуық жауынгер қатысқан болатын, қазір солардың тек мыңға жуығы аман-есен. Алайда, сол жандардың жарысынан астамы мемлекеттен тиісті жәрдемақысын ала алмай жүр. Тағы бір өзекті мәселенің бірі, ауруханалар мен емханалардағы ардагерлер бөлмесі қайта ашылса және оларға тиесілі дәрі-дәрмектер арзандатылған бағамен берілсе деймін. Мұны әркез айтып келемін, тағы да айтып отырмын. Ондағы мақсат, аймақ ардагерлерінің жағдайы жақсарса дегендік еді.
Әрине, әділетті әрі жаңа Қазақстанды құру, болашаққа оңды бетбұрыс жасау жолында халықтың сенімінен шыға білу– аса маңызды іс. Қарапайым жандардың жанын жегідей жеген, ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан түйткілдердің тетігін тауып, түбегейлі реформалар жасауға тағы бір қадам жасалды. Жаңа Қазақстанды құруға жаңа қадамдар жасалды. Енді Президенттің кезекті Жолдауын, ондағы айтылған міндеттер мен алдағы жоспарларды жүзеге асыруға бәріміз де, әрбір қазақстандық мүдделі болсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<