Бір бағытқа иек артып отыратын заман емес

762

0

Қазіргідей қым-қуыт шақта кез келген салада мәселе бары көзі барға көрініп-ақ тұр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы кейінгі кездері біраз тұралап қалғандай. Сондықтан бұл саланы дамыту – күн тәртібіндегі мәселе. Өйткені саладағы ахуал еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Бүгінгі Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығына қатысты қордаланған мәселелерді тайға таңба басқандай айтып берді.

«Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек» деді Президент.

Рас. Қазір қолда барға қанағат етіп, бір кездері елдің еңсесін тіктеткен бірнеше бағытқа иек артып отыра беруге болмайды. Түрлі пилоттық жобаларды қолға алып және олардың жүйелі жұмысына бақылау жасалуы керек. Өйткені қазір көзбояушылықпен, жалған цифрлармен жұмыс істейтін уақыт емес. Сондай-ақ, әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп таратсақ, тәуір нәтиже берері анық. Барлық мүмкіндікті пайдаланған жөн.

Тағы бір айта кететін жайт. Жолдауда игерілмей жатқан жерді қайтару мәселесі көтеріліп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 3  млн гектарға жуық жер мемлекетке қайтарылғаны да айтылды. Бұл – менің пайымымда дұрыс шешім. Айтпақшы, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш тағы артпақ. Жер мәселесінің өзі саланың дамуын тежеп, алға қойған міндеттердің кешеуілдеуіне алып келеді емес пе?! Енді Үкімет пен әкімдіктер осыған орай нақты шешім қабылдаса игі.

Агроөнеркәсіптің адымын аштырмай тұрған тағы бір өзекті мәселе – су тапшылығы. Ел экономикасын тұрақты дамытуға бұл да кедергі болып отырғаны рас. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Алысқа ұзамай-ақ, Сырдың суын алайықшы. Қазір өзеннің суы сарқылып, аңқасы кеуіп әзер тұр. Ал анадан-мынадан әрең алған сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Тозығы жеткен инфрақұрылым туралы бірдеңе айтудың өзі қиын. Президент аталған мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажеттігін баса айтты. Алдағы жылы ойға алған жоспар жүйелі жүзеге асса, агроөнеркәсіптің қарқыны үдейтіні анық.

Омархан ПАШКЕНОВ,

Қазақстан фермерлері

қауымдастығының облыстық филиалы төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<