Бірлігі бекем халықтың ісі берекелі

570

0

Елімізде сайлауға қатысты нақты көзқарас, ықтиярлы қатысу қалыптасты. Әр азамат өзінің бүгінгі таңдауы арқылы болашақты айқындайтынын жақсы түсінеді.

Сондықтан кешегі сайлау науқанында халық бірауыздылығын таныта білді. Біздің аймағымыз дауыс беру қорытындысында Жетісу облысынан кейінгі орынға шықты.

Бұл сырбойылықтардың саяси сауаттылығымен бірге ынтымақ-бірлігін, өзінің алдағы жеті жылын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге болуға бел байлаған ұйымшыл ұстынын көрсетті.

Әділетті Қазақстан құру ісіне ынталы қоғам Президенттің сайлауалды уәделерінің орындалуына барынша қолдау білдіретінін сайлау қорытындысында дәлелдеп берді.

Әрбір қазақстандық еркін азамат қатарында сайлау күні өз дауысымызды бердік. Жарқын болашақ үшін, жаңа дәуір дамуындағы жақсы бастамалардың іске асуы үшін, халқымыздың берекелі тірлігі, еліміздің бұзылмас бірлігі үшін дауыс бердік.

Сайлаудың маңызы – жәшікке қағаз қосу, белгі соқтыру емес, әрбір адамның өзіндегі зор жауапкершілік жүгін сезінуі. Сайлау тіректеріне келіп жатқан жұртшылықтың жүзіндегі сенім нышаны олардың әрқайсының көңілінде осындай мақсат бар екенін аңдатады.

 «Біздің бір ғана мақсатымыз бар. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Шындығын айтқанда, елімізде әлеуметтік салада, экономика мен саясатта көптеген жүйелі мәселе қордаланып, азаматтардың мемлекет пен билікке деген сенімсіздігі арта түсті. Бұл мемлекетіміздің тұрақты дамуын тежейді, ұлттың жасампаздық мүмкіндіктерін шектейді. Сондықтан мемлекеттік саясатымызда әділеттілік идеясы ең маңызды болуы тиіс» деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Халық осы шындыққа тоқтады, әділеттілік жолын таңдады. «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» бағдарламасын таныстырғанда Президент «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген формуланы берік ұстанатындығын айтты.

Халықтың еңбек етіп, бейнетіне сай зейнетін көріп, бейбіт, бақытты өмір сүргісі келеді. Ендеше, мемлекет бұл жолға бар мүмкіндігін арнауы тиіс. Ел басшысы осы бағытты ұстанып отырғанда оған бір қолдың саласындай қолдау көрсетуіміз қажет. Себебі, сырттан келетін де, іштен шалатын да сын-қатерлердің барын ешкім де жоққа шығармайды. Мемлекет басшысының прогрессивті реформалары төңірегіне біріккен халық қуаты ондай тосқауылдарды жеңіп шығатыны күмәнсіз.

Қылышбай БИСЕНОВ,

Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі,

Ұлттық құрылтай мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<