Бюджеттің сапалы орындалуына ықпал етеді

205

0

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын беруді ұсынды. Маған ұнаған шешім – осы.

«Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Бұл – ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет. Бұдан бөлек, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек. Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелмек. Ұсынылып отырған бастама өте маңызды. Келешекте аймақтардың табысты дамуына айрықша ықпал етеді. Сол себепті, барлық әкім бюджетаралық қатынастардың жаңа үлгісіне көшу кезінде оның біртұтас мемлекетімізге тигізетін пайдасы және тиімділігі туралы ойлауы керек», – деді Президент.

Бұл – аудан әкімдері үшін өзін-өзі басқару жүйесінде мүмкіндік беретін маңызды қадам. Әкімдерге аудан қаражатын жұмсағанда орталық органдардың сан келісімін алудың қажеті жоқ. Оның үстіне, әкім жергілікті мәселелермен жақсы таныс. Мектеп салу керек пе, емхана салу керек пе? Ондай шешімдерді қабылдағанда ұзын-сонар келісім жасау тиімсіз. Қаржыны басқаруға келгенде орталықтандырылған жүйеге тәуелді болмайды, яғни, қаржыны басқару құқығын беру аудан әкімдерінің еркін болып, өз бетінше шешімдер қабылдауына мүмкіндік береді. Бір жағынан бұл құрал аудан әкімдерінің халық алдындағы жауапкершілігін арттыра түседі. Бұл – демократиялық практика.

Сонан соң жергілікті билік бюджетті қолға алғанда аудандағы барлық кәсіпорындар мен компаниялардың, үлкенді-кішілі кәсіпкерлердің пайдалы жұмыс істеуін қадағалайды. Өйткені бюджеттің негізгі кіріс бөлігі сол кәсіпкерлікте жатыр. Оның үстіне енді салықтың бір бөлігі жергілікті бюджетке түсетін болды. Бұл да бюджеттің сапалы орындалуына ықпал ететін қадам.

Дайрабай ЫСҚАҚОВ,

еңбек ардагері, ҚР салық жүйесінің ІІ дәрежелі

Мемлекеттік кеңесшісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<