Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында еліміздің өткен жылғы маңызды жетістіктерін айтып, жүзеге асқан ірі жобаларға тоқталды. Оның ішінде елдегі цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы жетістіктер де бар. Мемлекет басшысы Қазақстанның электронды үкімет қызметтерін дамытуда үлкен жетістіктерге жеткенін атап өтті. БҰҰ рейтингісінде еліміз E-government көрсеткіші бойынша әлемде 24-орынға ие болды. Бұл – жақсы нәтиже, бірақ Президенттің айтуынша, әлі де үлкен жұмыстар атқарылуы керек.
Бәрімізге белгілі, еліміздегі банктер цифрлық экожүйе құру арқылы халықтың өмірін жеңілдетуде. Сонымен қатар, еліміздің экспортқа шығаратын ІТ-қызметтерінің саны да артып келеді екен. Мәселен, Astana Hub технопаркі қарқынды дамып, бүгінде 1500-ден астам компанияны біріктіріп отыр. Оның үштен бір бөлігі – шетелдік компаниялар. Мұндай жетістіктер Қазақстанды цифрлық көшбасшы мемлекетке айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш.
Одан бөлек, Президент жасанды интеллект саласын дамытуға ерекше назар аударды. Қазақ тілінде жұмыс істейтін алғашқы цифрлық тіл моделі – KazLLM жобасы іске қосылды. Бұл жасанды интеллект қазақша ойлап, сөйлеп, сараптама жасай алады. Жыл соңына дейін жасанды интеллектінің Alem.Al атты халықаралық орталығы ашылып, ол инвестиция тартатын және озық инновацияларды енгізетін алаңға айналмақ. Сонымен қатар, мектептер мен университеттерде жасанды интеллект технологияларын үйрету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, еліміздің 15 университетінде Google компаниясының арнайы курстары енгізілді. Осы саланың мамандарын даярлау үшін жаңа бағдарламалар жасалуда.
Президент сұхбат барысында жасанды интеллекттің пайдалы жақтары мол екенін айтқанымен, оның белгілі бір қатерлері барын да ескертті. Жасанды интеллектті алаяқтық мақсатта пайдаланудан қорғау үшін көптеген елдер заңнамалық негіздер енгізе бастады. Қазақстан да бұл бағытта жұмыс жүргізуде. Мемлекет басшысы жасанды интеллект туралы заң әзірлеуді тапсырды. Бұл заңның мақсаты – технологияны шектеу емес, оның әлеуетін толық пайдалану. Жасанды интеллектті жауапкершілікпен қолдану, оның этикалық мәселелерін шешу және оны дамытуға жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі. Президент бұл технологияларды игілікке жаратып, елдің дамуына бағыттау қажет екенін баса айтты.
Cәулет САХИЕВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Философия және әлеуметтік гуманитарлық пәндер» секциясының аға оқытушысы, саяси ғылымдардың кандидаты
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<