«Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру» Жолдауында халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысы саяси реформалардың төрт топтамасын ұсынды. Сол төрт топтаманың бірінде айтылған демократияландыру жолы – сайлау жолы. Мәжіліс депутаттары пропорционалды тәсілмен 15 жылдан аса сайланып келді. Алғаш рет 2021 жылы мәслихат депутаттарын да осы үлгімен сайладық.
Бұл қадамдар партиялық жүйені дамытуға жаңа серпін бергенімен жағымсыз тұстары да байқалды. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеп, сайлауды керек қылмайтын сайлаушылар қатары көбейді. Бұл жайттарды ескере отырып осы жылдың 17-18 ақпанында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров алғашқы кездесуін Қызылорда облысынан бастады. Жұмыс сапарында сайлау комиссияларының мүшелерімен, саяси партиялардың, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерімен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен және блогерлермен сайлау процесі мәселелері бойынша кездесу өткізді.
Сол кездесуде республиканың барлық өңірлеріне жұмыс сапарының циклі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.
– Алғашқы кездесуіміздің осы Сыр бойында өтіп отырғаны да кездейсоқ емес, бұл мекен – Қазақстанның тұңғыш елордасы әрі киелі топырағы. Сондықтан келіп отырмыз. Жаңа айтылған ұсыныстарды біз қабылдадық, алдымен пысықтаймыз, өңірлерді аралап барып ұсынамыз. Қазір нақты өзгерістер жасаймыз деп айту асығыстық болады, біз сіздерді тыңдауға келдік, – деді Нұрлан Мәжитұлы.
Кездесуде сайлауды ұйымдастырушылар мен жергілікті жұртшылық өкілдерінің сайлау жүйесін, заңнамасын жетілдіру, сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде оны құқықтық тұрғыдан қолдану жөніндегі кешенді мәселелері мен ұсыныстары талқыланды. Қоғам өкілдері өз кезегінде пікірлерін білдіріп және сайлау процесін жетілдіру жөнінде бірқатар нақты ұсыныстар берген болатын.
Сол кездесудегі ұсыныстардың біразы бүгінгі Жолдауда ескерілген. Соның бірі – аралас сайлау үлгісінің енгізілуі, яғни, Мәжілістің депутаттық корпусының 70 проценті пропорционалдық, 30 проценті мажоритарлық тәсілмен жасақталуы. Сонымен бірге аралас сайлау үлгісінің облыстық мәслихат сайлауына да енгізілуі. Бұл дегеніміз – барлық азаматтардың құқығы толық ескерілуі. Осы үлгі әртүрлі азаматтардың Мәжіліс пен облыстық мәслихат депутаты болуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынды. Бұл жүйе, әрине, жергілікті жерде бәсекелестік пен жауапкершілік қалыптастырады. Депутаттар сайлауалды бағдарламаларды орындамаған жағдайда депутаттық мандаттан шығару туралы бастама өте орынды.
Жалынды сөздерден гөрі нақты істі көрсететін заманда біз халық үніне құлақ асып, мәселелерді тиісті органдарға жеткізіп, оның шешілуіне дейін жұмыс жасауымыз қажет.
Ғалым БАЙМЫРЗАЕВ,
облыстық сайлау комиссиясы төрағасы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<