Түркі әлемінің аса көрнекті ойшылы Жүсіп Баласағұнның: «Билеушінің басты міндеті – әділет орнату, елге қорған болу, ақылмен шешім шығару», –деген ұлағаты бүгінгі күнге жетті. Бұл сөздің мәні зор, мағынасы терең. Әділеттілік үшін айтуға тиіспіз, қазіргі кезеңде елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі қарқынды жүргізілуде.
Сондай-ақ ел экономикасын дамытуды күшейтудің алғышарты ретінде саяси модернизация да жүйелі жүзеге асуда. Яғни, мемлекеттік қызмет пен сервистік жұмыстың сапасын арттыруда қоғамдық ұйымдарды және азаматтық секторды белсенді қатыстыру жұмысы жетілдірілуде.
Шындығында Президентіміз ұсынған конституциялық реформалар мемлекетті саяси тұрғыдан жаңғыртумен бірге халқымыздың қоғамда әлеуметтік әділеттілік орнатуға деген сеніміне серпіліс әкелгенін айту қажет.
Осы орайда елімізде 2022 жылдан бастап жұмысын бастаған жаңа қоғамдық-саяси форматтағы Ұлттық құрылтай диалог алаңы ретінде ел дамуының стратегиялық бағыттарын талқылап қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелерді мемлекеттік шешімдерге айналдыруды мақсат етті.
Ұлттық құрылтай – жаңа заманның ғана құбылысы емес. Бұл ұғым ғасырлар бойғы халық тәжірибесімен, дәстүрлі басқару және келісім институтымен тығыз байланысты. Қазақ хандығы дәуірінде Ұлттық құрылтай қоғам мен биліктің арасына көпір болып, құқықтық және рухани дәстүрді сақтаушы орган ретінде қызмет етті. Дәстүр сабақтастығы жалғасып, осы институт бүгінгі заманауи құрылымға қайта түсті. Қазіргі Ұлттық құрылтай – сөзден іс-қимылға өтетін көпір, қоғам мен биліктің ашық диалог алаңы, азаматтық қоғамның дамуына серпін беретін стратегиялық платформа.
Кейбіреулер Ұлттық құрылтайды тек кеңес беру органы деп ойлайды. Бұл қате пікір. Шын мәнінде, ол – қоғам мен мемлекеттің сенімді көпірі, реформалық өзгерістердің бастамасы. Мұнда көтерілген идеялар заң жобаларына, мемлекеттік бағдарламаларға және стратегиялық шешімдерге жол ашады. Оның саяси мәні мен маңызы күннен-күнге артып келеді.
Құрылтайда көтерілген қоғамдық пікір мемлекеттік шешімдерге тікелей әсер етеді. Құрылтайда талқыланған бастамалар тек сөз жүзінде қалмай, нақты іс-қимылға, ел дамуына жол ашуда. Құрылтайда көтерілген ұсыныстар өңірлік жобаларға айналып, нақты нәтижелерге бастауда. Инфрақұрылым жаңғыртылып, әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылды, жастар мен қоғамдық ұйымдардың бастамалары мемлекеттік қолдауға ие болды. Бұл – елдің барлық тұрғындары үшін нақты пайда әкелген өзгерістер.
Сондай-ақ Ұлттық құрылтай азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруға және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік берді. Әділеттілік пен заң үстемдігін күшейтуге бағытталған бастамалар қоғамға сенім орнатты, азаматтарға өз пікірін ашық айтуға, шешім қабылдауға қатысуға жол ашты. Рухани және мәдени даму мәселелері де Ұлттық құрылтай назарынан тыс қалған емес. Құрылтайда талқыланған жобалар тарихи ескерткіштерді қалпына келтіруге және мәдени өмірді жаңғыртуға бағытталды.
Биылғы Ұлттық құрылтай жылдағыдан ертерек өтуде. Бұл кездейсоқтық емес. Әлемдегі қиын геосаяси ахуал кезінде елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін батыл әрі нақты шешімдер қабылдау қажет. Бірқатар сарапшылар Қызылордада өтетін құрылтайда Парламенттік реформаның мәні мен маңызы жөнінде мазмұнды пікірлер ортаға салынып, заң шығарушы органды жаңғырту бойынша нақты бастамалар айтылады деп күтуде.
Осы ретте Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев осы жылғы 15 қаңтарда «Түркістан» газетінде жарияланған «Реформалардың мәні – 5: Ықпалды Парламент» атты мақаласында: «Өкілді биліктің тұрақтандыру функциясы бүгінде қос палатаның әлеуетін бір пәрменді күшке жұмылдырып, Қазақстан халқының барлық әлеуметтік тобының пікірін тұтас білдіретін бір палаталы Парламентке біріктіруді талап етеді. Бұл – атқарушы билікке ықпалды теңгерім болатын қадам. Халық – парламенттік реформаның негізін қалаушы. Өйткені бұл жолы өзгерістің басты тапсырыс берушісі бұрынғыдай билік емес, халық болып отыр», – деп нақты тұжырымдайды.
Президенттің қоғамдағы әділеттілік принциптеріне негізделген халықшыл бастамалары аясында елімізде конституциялық реформаларға сай саяси реформалар кезең-кезеңімен іске аса бастады. Үкіметтің өкілеттігі кеңейе түсті. Яғни түрлі салаға қатысты шешімдерді қабылдау құқығы Үкіметке өтті. Аймақтардың бюджетке қатысты дербестігі арта түсті. Реформаның аясында ауыл әкімі тікелей сайланатын болды. Мұның бәрі атқарушы биліктің жауапкершілігін арттырып, сайлаушылар сенім білдірген өкілді орган «бақылаушы қызметін» іске асыратын саяси құрылым ретінде ілгерілеп, қоғамды демократияландыруда шешуші рөл атқара бермек.
Мұның айқын көрінісін бүгінде елімізде көп партиялы Парламент жасақталғанынан да көруге болады. Көппартиялық дәуірде демократияның қазығы қатая түсуі заңдылық. 2019 жылы бастау алған осы бағыттағы парламенттік реформа аясында 2021 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттары депутаттарының сайлауы өткені белгілі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2024 жылдың 3 қазанында Астана қаласында өткен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында сөйлеген сөзінде мәслихаттар мен әкімдіктер өзара үйлесімді жұмыс істеуі қажеттігін нақты атап өтті. Сонымен бірге мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу мәселесіне айрықша назар аударуды, мәслихаттар жалпыұлттық міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосуы тиістігіне, мәслихаттар мен әкімдіктер биліктің қос тармағы ретінде өзара үйлесімді жұмыс істеуі керектігіне айрықша мән берді.
Демек, Ұлттық құрылтайда талқыға салынған, қоғамның тезінен өткен бірқатар мәселелерді жүзеге асыру үшін халықтың, барлық деңгейдегі мәслихаттардың, Парламент пен атқарушы биліктің ортақ мүддеге жұмылып, қоғамдағы белсенді, сөзі өтімді адамдардың заң шеңберінде бірлесе қимылдауының маңыздылығын түсінеміз. Яғни, Ұлттық құрылтайда талқыланған мәселелерді жүзеге асыру үшін халық, мәслихаттар, Парламент пен атқарушы билік бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Бұл – саяси институттар арасындағы тепе-теңдікті сақтап, реформаларды жүйелі әрі терең жүргізуге бағытталған маңызды қадам. Бір Палаталы Парламент жүйесін жетілдіру арқылы азаматтық қоғамның пікірін тиімді ескеретін, жылдам шешім қабылдауға қабілетті саяси механизм қалыптасады.
Ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына өткен жылы 100 жыл толды. Осыны ескерген Мемлекет басшысы құрылтайдың келесі отырысын кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Облыс халқы Мемлекет басшысының бұл шешімін Сыр өңірінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен елдің ерен еңбегіне берген лайықты бағасы, Сыр өңіріне қолдауы мен қамқорлығы деп түсінеді.
Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысының Қызылорда облысында өтуі – символдық мәнге ие. Ұлт тарихына терең үңілер болсақ, талай кезеңдерде халқымыздың тағдыры үшін сындарлы болған шешімдер Сырда қабылданған. Кешегі дәуірлерде Қыпшақ мемлекетінің, Ақ орданың, Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ, Қорқыттың қоңыр күйі, ғарышқа жол ашқан «Байқоңыр» кешені – Сырдың тарихи және стратегиялық маңызын дәлелдейді.
Қызылорда облысы қазіргі уақытта елімізбен бірге жаңғыру, жаңару кезеңінен өтуде. Президентіміздің сеніміне ие болып, аймақ халқының аманатын арқалаған Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев бүгінгі күннің міндеттерін терең түсініп, өңірдің кемел келешегі үшін аянбай еңбек етіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени өмірін жаңа белеске көтеруге бар күш-жігерін салып жүр деуге толық негіз бар. Оған біз депутат әріптестерімізбен бірге ауыл, аудандарды аралап, халықпен етене жақын тілдесіп, қарқын алған іргелі жобалардың нақты нәтижесін көргенде көз жеткізіп жүрміз.
Мемлекет басшысы Қызылорда облысына келген жұмыс сапарларында Сырдағы атқарылып жатқан игілікті істерді көріп, облыс әкімінің қызметін жоғары бағалағанын да ел біледі.
Жалпы Ұлттық құрылтай тек пікір алмасу алаңы ғана емес, елдің бірлігі мен тұрақтылығын, стратегиялық реформаларды жүзеге асырудың нақты платформасы болып табылады. Біз осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, еліміздің болашағын, азаматтық қоғамның белсенділігін бірге қалыптастыруымыз қажет. Себебі азаматтық қоғамның белсенді болуы – адам капиталын, әлеуметтік-экономикалық жетістіктерді, демократиялық құндылықтарды ел игілігіне айналдырудың алғышарты. Мұндағы басты ұстаным – азаматтардың ел дамуының үдерісіне еркін араласуына тең мүмкіндік беру.
Себебі, бүгіннің борышы – бой таластыратын емес, ой таластыратын заман екенін елеп, жаңа технологиялар үрдісімен қаруланған қазіргі қоғам алғыр, іскер, ұшқыр азаматтарға арқа сүйейтінін уақыт төрелігі айқындап отыр.
Руслан РҮСТЕМОВ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты





