Егемендік есік ашқан дәуірде

1104

0

Қазақстан тәуелсіздікке дейін-ақ өзінің жеке мемлекеттігін танытып үлгерді. Бұған 1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылдауы себеп болды.

Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Осы декларацияның қабылдануымен еліміздің егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Әлем картасындағы жаңа мемлекет Қазақстан Республикасының негізі қаланды.

Осыдан кейін демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға өзгерістер енгізіле бастады.

Алайда, декларация еліміздің КСРО құрамынан толық бөлініп шығуын  білдірмеді, дегенмен, тәуелсіздікке жасалған алғашқы нық қадам болды.

Осындай саяси мәні бар оқиғаларға байланысты Республика күні 1992 жылдан бері аталып келе жатқанымен, мемлекеттік мерекелер тізіміне 2001 жылы ғана енгізілді. 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға өзгерістер енгізіліп, 30 тамыз Конституция күні ұлттық мереке болып белгіленді де, Республика күні қайтадан мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды.

Бұл – Республика күнінің бәрімізге мәлім қысқаша дерегі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні мерекесінің тарихи маңыздылығын атап, қайта жаңғырту керек екенін мәлімдеген соң, 29 қыркүйекте ұлттық мереке ретінде қайта бекіту туралы заңға қол қойды.

«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», – деді Президент Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында.

Ал, ұлттық мереке ретінде тойланып келген 16 желтоқсандағы тәуелсіздік күні мереке емес, еске алу күні сипатында ерекшеленетін болды.

Мен өз басым мұны өте дұрыс қабылдаймын. Президент халықтың ойында жүрген түйткілге терең мән берді. Рас, 16 желтоқсан – ел тәуелсіздігіне тікелей әсер еткен тарихи күн жады. Бірақ, бұл күні ұлт дербестігін көксеген ержүрек өрендердің нақақ қаны төгілді, ұлт намысын ұран қылған қаншама жас жаны жараланды.

Сондықтан бұл күннің мереке емес, еске алу күні болу керектігі анық болатын.  

Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан жағдайының бірден даңғыл жолға түсіп жүре бермегені, күреске толы болғаны баршамызға аян.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бастап, мемлекеттің алдында тұрған міндеттер айқындалып, жасалатын жұмыстың жүйесі тізбектелді. Тұтас әлемнің дамуына тұсау болатын дүниелер бар еді.

Мәселен, экстремизм мен зорлық-зомбылықты қолшоқпар қылған ойыншылардың бой көрсетуі, бұған қоса санкциялық, «валюталық» және сауда соғысы барлық елдердегі проблемаларды ушықтыра түсті. Климаттық өзгеру үдерістерінің салдары түрлі катаклизмдерге соқтырды. Сондай жаһандық үдеріс, экономикалық тұрақсыздық жас мемлекетіміз үшін үлкен сын болды. Күллі халық болып сол қиындықтарды еңсердік.

Осындай өліарада діни жат ағым, жемқорлық секілді тосқауылдар торы қалыңдап кетті. Олардан басқа еліміздің болашағына зиян келтіретін әртүрлі жағдайлар орын алып жатты.

Алмағайып заманда сол күрмеулі проблемалардың шешімін табатын жоспарлы жұмыстар атқаруға ерекше мән берілді.  

«Болашағымызға зиян келтіретін» деген сөзіме тоқталайын. 

Мен он екі жыл ҚР Парламенті Сенатының депутаты, алты жыл Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы болдым.

Осы жерде салыстырмалы түрде сөз қосуға тиістімін. Кеңес Одағы кезінде депутаттар өз сайлаушыларының аманатын орындау жолында нәтижелерге қол жеткізе білді. Алайда, заң қабылдау мәселесінде жасыратыны жоқ, кеңестік басшылар көппен санаспады. Сондықтан да олар депутаттардың денін жұмысшы, шаруа ортасынан алып отырғызды. Оны еңбек адамына деген құрмет деп түсіндік. Бірақ, елімізге пайдалы заңдар қабылданып жатыр ма, жоқ па, оған мән берілмеді.

Байқоңыр Ресей мен Қазақстанның космос саласындағы қарым-қатынасының негізі екені белгілі. Кешенді тиімді пайдалану екі ел үшін де шын мәнінде маңызды және қажетті.

1994 жылдың 10 желтоқсанындағы Ресей мен Қазақстан арасындағы космодромды жалға алу келісім-шартында Байқоңыр қаласы – жалға берілген Қазақстан Республикасының әкімшілік-аймақтық бірлігі деп көрсетілген. Демек, бұл қалада Қазақстан Республикасының Конституциясының талаптары бұлжытпай орындалуы тиіс.

Жалға алу келісім-шартына сәйкес, тиісінше, әрбір сала Ресейдегі өз әріптестерімен келісімдер жасасады. Екі елдің Байқоңыр қаласындағы қазақ тілінде оқытылатын мектептердің тыныс-тіршілігі туралы білім саласындағы келісім 2006 жылғы 21 қарашада жасалды. Осы келісімнің жүзеге асуы барысында Байқоңыр, Төретам, Ақай елді мекендерінде тұратын оқушылардың сапалы білім алуына көптеген кемшіліктер мен қайшылықтар әсер етті.

Қаладағы қазақ тілінде білім алатын мектептерде білім бағдарламалары Ресей Федерациясының мемлекеттік білім стандарттары негізінде және оның талабына сай жүргізілді. Аталған келісімнің кіріспесінде «екі жақ та өз азаматтарының оқыту тілін таңдау конституциялық құқығының іске асуын қамтамасыз етеді» деп жазылғанымен, сол келісімнің 4-бабында «қазақ тілінде білім алатын мектептердегі білім бағдарламалары Ресей Федерациясының мемлекеттік білім стандарттары негізінде және оның талабына сай жүргізіледі» деп көрсетілген.

Осыған байланысты, қазақ сыныптарының оқушылары Ресей оқулықтарының қазақ тіліндегі аударылымын оқуға мәжбүр болды. Ең өкініштісі – оның өңделмей, сол қалпында аударылып оқытылуы. Мысалы, 1-сыныптың «Бізді қоршаған әлем» оқулығында «Өз еліміз және қаламыз туралы не білеміз?» деген сұрақтың жауабы: «Біздің еліміз Ресей деп аталады. Ол – әлемдегі ең үлкен ел. Бұл – біздің Отанымыз» деп беріліп, Ресейдің елтаңбасы мен туы көрсетілген. Мектеп есігін ашқан бойда осындай таныммен білімденген балаларда қандай патриоттық сезім болмақ?

Сенат депутаты болып жүрген уақыттағы айналысқан көп мәселемнің бірі осы жағдай еді. Ресей Білім және ғылым министрлігімен келісе отырып, негізгі келісімге өзгертулер енгізіп, Парламентте ратификациялауға атсалыстым.

Айтайын дегенім, кеңестік дәуір депутаттары мұндай саяси астары бар жағдайларға араласа алмас еді. 

Тәуелсіздігіміздің басты жетістіктерінің бірі – заң шығарушы органға заңгерлерді, экономистерді, саясаткерлерді таңдауы. Олар халықтың ішінде болып, елдің ахуалын аралап көрді. Қай салаға қандай заң пәрмені қажет екенін жақсы түсінді. Сол себепті депутаттарға күндіз-түні жұмыс істеуге тура келді.

Ел егемендігі туралы сөз болғанда жастардың бойында қалыптасқан патриоттық сезім туралы айтпай тұра алмаймыз. Тағы да салыстыра сөйлеуге тура келеді.

Кеңес дәуіріндегі балалар коммунистік қағидамен өсті, бұл бағыттағы идеология өте мықты болатын. Қызыл галустігі үтіктелмей мектепке келген баланың тәртібі қаралатын, аты-жөнін қабырға газетіне әжуалап жазатын.

Біздің дәуіріміздің балалары ұлттық рухпен өсіп келеді. Қазір кез келген мектепке бара қалсаңыз, ұлтымыздың үш биінен бастап, барлық ұлыларымыздың бейнесі ілініп тұр. Бұрын Маркс, Энгельс, Ленин, сосын орыс оқымыстылары ғана болатын, арасына Абай мен Алтынсарин ғана қосылатын.

Бүгінгі жетістіктеріміз бен ұлттық рухта тәрбиеленіп жатқан балалар бойынан табылатын идеологиямыздың игіліктері – тек қана тәуелсіздігіміздің жеңісі.

«Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі.

Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек.

Барша отандастарыма, әсіресе, жастарға айтарым: кең-байтақ Қазақстанды асқақ армандарың мен батыл жоспарларыңды емін-еркін жүзеге асыра алатын, табысыңа марқайып, әрдайым тілеуіңді тілейтін қасиетті Отаның ретінде бағалаңдар! Мен жаңа Қазақстан патриотизмінің жасампаздық құдіретіне сенемін», – деді Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» аталатын мақаласында.

Президенттің:

«Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!». Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін», – дейтін сөзін де жастар санасына сіңіре беруге тиіспіз.

Әлемді Жаратқан күш барлық адамды бірдей қылып жаратуға да қауқары жеткілікті, шексіз құдірет иесі емес пе? Әу бастағы әртүрлі адам, әр бөлек ұлттың жаралуы жауласу емес, жақындасу мақсатын көздегені хақ.

Мен көп жыл педагогика саласында еңбек еттім, әлі де білім-ғылым жолында келемін. 

Қызылордадағы Сырдарияның сол жағалауына көрік беріп, алыстан менмұндалайтын «Болашақ» университетін салдым. Жастардың білім алуы үшін барлық заманауи жағдай бар. Оқу кешенінің жан-жағы жасыл желек, кешқұрым бұл маң қараңғылықты түре қуып, су бетіне суретін түсіріп тұрады. Биыл жыл аяғына дейін еңселі кампуспен бой таластырып 1250 орынды Конгресс-холл есік ашпақ.

Осы ауқымды жұмыс еліміздің ертеңгі иесі бүгінгі жастардың игілігі үшін жасалды. Сондай еңбегіме тәуелсіз еліміздің «Барыс»  «Парасат», ордендерін, Англиядағы атақты Оксфорд университетінің «Ғылымдағы атағы үшін» аталымы бойынша «Сократ» орденін омырауға тақтым. Бұл – беделді 27 университеттің ректорларынан құралған «Еуропадағы ректорлар клубының» шешімі бойынша берілетін мерейлі марапат. Бірақ, мен атақ үшін емес, ұлт рухындағы қазақ балаларының қабырғалы азамат болып қалыптасуы үшін еңбектендім.

Тәуелсіздігіміз берік болып, еліміз дами берсе, жастарымыздың біздің аманатымызды алға апаратынына сенімдімін. Сол жастарды өзіміз тәрбиелеп жатырмыз.

Мұның бәрі – егемен еліміздің, тәуелсіздігіміздің шапағаты. 

Бақберген ДОСМАНБЕТОВ,

экономика ғылымдарының докторы,

Ұлттық ғылым академиясының академигі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<