Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 22 наурызда Қазақстан халқына жариялаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауындағы бастамалардың негізгі мақсаты саяси жүйемізді түбірімен өзгерту болатын.
Міне, біз осы бағытта нақты қадам жасалып жатқанына куә болып отырмыз. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жасаған бейнеүндеуінде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді.
Конституциялық реформа жеке баптарға емес, Ата Заңның үштен бір бөлігіне түзетулер, толықтырулар енгізуді көздейді. Сондықтан да Президент Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасы бойынша референдум өткізуді ұсынып отыр, яғни, Ата Заңға енгізілетін түзетулер бойынша шешім қабылдауға елдің әр азаматы қатысады. Әділетті қоғам құру, халық мүддесі бәрінен жоғары тұратын жаңа құндылықтарды орнату баршамызға ортақ іс болғандықтан, мен бұл ұсынысты қолдаймын. Өзгерістер енгізу бүкілхалықтық референдум өткізу жолымен талқыланып, содан соң ғана нақты шешім қабылданатыны – үлкен жаңалық әрі зор жауапкершілік. Бұл азаматтардың қоғамда болып жатқан өзгерістерге деген көзқарасының көрінісі, парасат-пайымының өлшемі, саяси жаңаруларға бейжай қарамайтынының белгісі болмақ.
Жаңа Қазақстан жағдайында қоғамның пікірі алдыңғы орынға ығыстырылуда. Сонысымен де Президент қазақстандықтардың өмірлік белсенділігін арттырып, саясатқа араласатындай деңгейге жеткізуді мақсат етіп қойған. Екіншіден, бұл қадам бұқара мен биліктің арасындағы ажырап қалған байланысты нығайтып, жарқын болашаққа деген сенімін күшейтуге оң ықпал етері кәміл. Бұдан шығатын қорытынды, қашан да туған халқының парасат-пайымына арқа сүйейтін, соны бағалай білетін Мемлекет басшысы сол арқылы өзі де ел-жұртының сеніміне, қошемет-құрметіне ие болып отыр.
Бір анығы, халықтың талқылауынан, ой таразысына өткен соң ғана қабылданатын шешімдер сөз жоқ, саяси реформалардың нәтижелі іске асарына сенімімізді нықтағандай. Жаңа Қазақстанда мемлекет өміріндегі маңызды мәселелер шешімі қоғамның қатысуы мен қолдауы негізінде ғана қабылданатынының белгісі. Келісіп пішкен тон келте болмайды.
Расул ЕСЕНОВ,
облыстық мәслихат депутаты
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<