Ел президентінің сұхбатына қатысты сарапшылар ой бөлісті

473

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне ашық сұхбат берді. Бұл сұхбатта Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже ешқашан өзгермейтінін және 2026 жылы қайта сайлауға түспейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ, еліміздің жоспары жайында да тереңірек тарқатты. Осы сұхбат төңірегінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында сарапшылар пікірімен бөлісті.

– Маған Ел Президентінің 2024 жылы ұлттық құндылыққа, ұлттық кодқа, ұлттық идеологияға, сонымен қатар Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына, Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы, Жошы ұлысының іргетасының қаланғанына – 800 жыл толуына көңіл бөлінетіні қуантты. Осындай игі іс-шаралар ұлттың бірігуіне, алдыға жылжуына үлкен қадам екені сөзсіз. Біз жастарды сынағанмен қоғамдық орында үлкенді сыйлайтын жастар ғой. Осы жастарға мемлекеттік қызметте де жол беріліп, олардың елмен етене жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау керек туралы айтқанын қолдаймын, – деді «Орда» жоғары колледжінің әдіскері Айнұр Бекенова.

– Сұхбатта ел экономикасына қатысты өзекті мәселелер айтылды. Кезінде елімізде несие төлей алмаған тұрғындарға бір реттік рақымшылық жасалған болатын. Халықтың әлеуметтік жағдайы қиын болғанын ескеріп, осындай қадамға баруға мәжбүр болған. Алайда сол тұлғалар қайтадан несие рәсімдеген. Сол себепті Мемлекет басшысы күткен нәтиже болмағанын айтып, алдағы уақытта ешқандай несие кешірілмейтінін жеткізді. Дегенмен, банкроттық туралы заң аясында қолдаулар жүзеге асатынын қоса кетті. Жастар арасындағы несиеге тәуелділік, лудомания, жұмыссыздық мәселелерін көтергені дұрыс болды. Ал, атом электр станциясына қатысты айтарым, халық бұл құрылыс нысаннан қорықпайды. Халық сыбайлас жемқорлықтан қорқады. Сондықтан атом электр станциясын салатын болсақ, жауапкершілікпен қарап, мықты мамандарды жалдаған жөн, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің комплаенс – офицері Әлібек Жаппасбаев.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<