Еңбек адамына құрмет ерекше болуы керек

682

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланды. Мұны қоғамның басты тірегі саналатын еңбек адамдарына, олардың елеулі еңбегіне назар аударып, жұмысшы мамандықтарын ұлықтау деп түсінемін.

Еңбек адамына құрмет қай кезде де ерекше. Олардың орны қай кезде де биікте болуы керек. Қазақта «Адам еңбегімен абыройлы, мінезімен қадірлі» деген сөз бар. Еңбек пен мінез ұштасқан кезде қоғам да, адам да, отбасы да дамиды деп ойлаймын. Президент көтерген игі бастама еңбекқорлық пен кәсібилікті қоғамның негізгі бағдарына айналдыруға бағытталған. Қоғамда еңбек адамына құрметті арттыру, жастарды кәсіби техникалық білім алуға ынталандыру мақсатында қолға алынып отыр.

Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру бойынша өндіруші еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсібін насихаттау бағытында елімізде ауқымды іс-шаралар атқарылып келеді. Мемлекет басшысы биылғы дәстүрлі Жолдауында: «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал» деп атап өтті.

Осы орайда алдағы жылдың жұмысшы мамандықтар мәртебесін көтеруге арналуы құптарлық.

Қанат ҚЫПШАҚБАЕВ,

тарих ғылымдарының магистрі, педагог-зерттеуші

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<