Еңбекшіл елдің мерейі

5

0

Нұрымжан СОПБЕКОВ, облыстық мәслихат депутаты:

Қызылорда қаласын­да өткен Ұлттық құрыл­тайдың бесінші отыры­сында ел өміріндегі ма­­­ңызды оқиғалар кеңінен қам­тылды. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт То­қаев төрт жылда құрыл­тай мүшелері ел дамуына ықпал ететін көптеген маңызды бастама көтеріп, айтылған ұсы­ныстар не­гізінде 26 заң қабыл­дан­ғанын атап өтті.

Жиын барысында Пре­зидент бір палаталы Пар­ламент туралы бас­таманы халық қолдап отыр­ғанына көңіл бөліп, оны Құрылтай деп атауға ұсыныс білдірді. Білуімізше, депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады. Мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтеді, сондай-ақ олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады.

Құрылтай барысында цифрландыру мен жасанды интеллект, экономика, энергетика, өнер мен мәдениет және өзге де салаларды дамыту мәселелеріне көңіл бөлінді.

Атап өтерлігі, Президент сөз басында Қызылорда облысының даму қарқынына жоғары бағасын беріп, бұл өңір нағыз еңбек адамдарының мекені деп жерлестеріміздің мерейін өсірді. Былтыр аймақтың жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өсіп, 3 жылда облысқа 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды, 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Кейінгі 3 жылда аймақта 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынған. Бұған қоса, 40 медицина нысаны ашылды.

– Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көпбейінді аурухана құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жергілікті халықтың еңбекқорлығы мен ұйым­шылдығын айта келіп, Сыр елі жұртшылығының бойынан туған жерге деген сүйіспеншілікті, қамқорлық пен жанашырлықты, нағыз отаншылдықты көретініне үлкен ықылас танытты. Облыс орталығымен қатар, әр ауылдың тазалығы көз тартады.

Сондай-ақ Президент Кіші Арал суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болатынына тоқталды. Қазір Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады.