Фермерлер ұсынысын ескеруді тапсырды

638

0

Президент  Жолдауындағы ұлттық мүддемізге қатысты  көптеген шешімдер халықты рухтандырып отырғаны жасырын емес. Әйтсе де, қазіргі аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасқан кезеңде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор екені  айрықша  атап  өтілді. Украинадағы оқиғалар азық-түлік бағасының күрт өсуіне әкеп соқтыруда. Алдағы уақытта тіптен шарықтап кетуі әбден мүмкін.

Соған байланысты, егін егу науқанын сапалы өткізуге баса назар аудару қажет. Ал шаруалардың көпшілігі егінге әлі дайын емес. Сол себептен Үкімет пен әкімдерге бұл жұмысты ерекше бақылауға алу  тапсырылды. 

Өткен жыл Сыр елі диқандары үшін оңайға соққан жоқ. Су тапшылығы қатты сезілді.  Биылғы жағдай да күрделі  болатын түрі бар. 

Жолдауда шаруалардың қажетті жанар-жағармайды қолайлы бағамен алуын қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы, тұқым мен тыңайтқыш қорын қайта тексеру мәселелері сөз болды.  Жауын-шашынның аздығы жем-шөптің жетіспеуіне әкеп соқтыратыны рас.

Президент агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау қажеттігін айтты. Бұл өте орынды сөз. Өйткені, ауыл шаруашылығын дамытуға жылда қыруар қаржы бөлінгенімен оның тиімділігі көрінбей тұр. Субсидияның түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсу жағдайы жиі кездесуде. Тіпті ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көруде. Мәселен, соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық істі тергеуден өткізсе, соның  54%-і субсидияны жымқыруға қатысты болған екен. Бұл сұмдық жағдай емес пе? Жолдауда Қасым-Жомарт Кемелұлы агроөнеркәсіп саласын мемлекеттік қолдау мәселесін қайта қарауды фермерлер қауымдастығымен бірлесіп атқаруды тапсырды.

Сонымен қатар, Президент тапшылықты болдырмау және азық-түлік бағасының жөнсіз қымбаттауының алдын алу қажеттігін ескертті. Бұл мақсатта ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік тұрақты қорларға форвардтық бағалармен сатып алу мәселесін шешуді тапсырды. Кейінгі кезде  облыстағы тұрақтандыру қорына жеткізілетін бірқатар өнімдерді өзімізде өндіру мәселесі көтеріле бастағанын атап өткім келеді. Осы ретте шаруашылықтар тарапынан түсіп жатқан ұсыныстар барынша зерттелуі тиіс. Картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат секілді өнімдерді жергілікті диқандар өндіріп, оны  тұрақтандыру қорына өткізетін болса, екі тарапқа да пайдалы болар еді.

Бауыржан САНДЫБАЕВ,

«Табыс» ШҚ төрағасы, облыстық мәслихат депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<