Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатын мұқият тыңдап шықтым.
Кешегі қаңтар оқиғасы кезінде алаңға шығып аттан салғандар қатарында шынайы елдік мүддемен жүргендер де, елдің ішіне іріткі салуды көздеген жүгенсіздер де болды. Осыған қатысты «тергеу әділ өтсін, жазықсыздар нақақ жазаланып жатыр» деген халық үні қазір толқынданып тұр.
Президент бұған былайша жауап берді: «…Мыңдаған адам қаланы қиратып, нағыз террористік әрекеттерге барды. Бірақ, қазір бәрі жай ғана бейбіт азаматтар болып шықты. Бұған кім сенеді? Жалпы, лаңкестерді, қарақшыларды халық қаһармандары, батырлары деп айтуға болмайды. Бұл – ешқандай шындыққа келмейтін жалған уәж.
Егер біз ақиқатына көз жеткізбей, олардың айтқанына сенетін болсақ, елімізге тағы бір үлкен қауіп төндіреміз. Бұл қарақшыларды Қазақстанға шақыру деген сөз. Сондықтан аталған мәселеге өте сақ болуымыз керек», – деді.
Расында, бұл құм мен тасты айырғандай іс болып тұр. «Тастаған шоқпар сорлыға тиеді» дегендей, кейбіреулердің күйіп кетуі мүмкін. Ал, солардың тасасында нағыз тас атқандар жазасыз қалмау керек.
Бұған байланысты Президент «шаш ал десе, бас алатын әрекеттерге жол беруге болмайды» деді. Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға тапсырма бергенін айтты. Арнайы комиссия құрылып, адам құқықтары жөніндегі уәкілдер мен құқық қорғаушылардың әр істің заңдылығын қарап жатқанын жеткізді.
Ең басты мақсат тез шешім шығарып, істі жауып тастау емес, міндетті түрде ақиқатқа көз жеткізу керектігін еске салды.
Бұл сөз халықтың көңіліне демеу болды.
Жасыратыны жоқ, осы бүгінде «айнала анталаған жау, жерімізді алып қоймақ» деген алыпқашпа әңгімелер де тоқтамай тұр. Олардың бірі бұл сөзді отангерлік сезіммен айтса, екіншісі от тастау сарынында сапырады.
Рас, Жироновский, Никонов секілді «серкелердің» айтуында «Қазақстанның солтүстігі Ресейдің жері», «қазақтарда мемлекет болмаған» дейтін риториканың бой көрсете бастағаны бар.
Мұндай сөздерді Президент ақылға сыймайтын орынсыз пікір деп атады.
Екі елдің басшылығы арасында жер мәселесіне қатысты ешқашан дау туындамағанын, оны В.Путиннің өзі де растайтынын білдірді. «Сондықтан алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Шекарамыз толық айқындалған, бекітілген. Бұл ақиқатты бүкіл әлем мойындайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол осы сөзімен күпті көңілді орнықтырды. Демек, халықтың айдашап айтушылардың сөзіне ермегені абзал.
Президент бүгінгі қоғамдағы осындай маңызды мәселелерді талдап айтып берді.
Мемлекет басшысының сөзінен алдағы уақытта елдің тыныштығы мен толыққанды тұрмыс-тіршілігінің түзеле түсіп, жаңа Қазақстан жағдайындағы халықтың әл-ауқатының артатыны анық аңғарылды. Ол үшін әрине, ең бастысы заң үстемдігі мен тәртіп бірінші кезекте керек.
Осы орайда Президенттің өзі де: «Қоғамда заң мен тәртіп болса ғана ел ішінде бейбіт өмір болады. Заң – кез келген өркениетті қоғамның басты өлшемі. Заң үстемдік құрғанда ғана әділетті қоғам қалыптасады. Біз міндетті түрде бұған қол жеткізуіміз керек» деп өзінің нақты ұстанымын білдірді.
Халықтың көкейіндегі ұстаным да – осы, әділетті қоғам. бейбіт, бақуатты өмір.
Әріп ҚОЖБАНОВ,
Сырдария ауданының құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<