Халық үнін естиміз

913

0

Жаңа қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Уақыттың талабы жоғары. Әсіресе халықпен етене жұмыс істейтін халық қалаулысы жауапкершілігін арқалаған соң әрбір айтылған арыз-шағым, ұсыныс-пікірге жауап беру, мәселені зерттеу, оның нәтижесін айту қажет. Осы орайда халық үнін естіп, оған дер кезінде жауап беру – барлық деңгейдегі депутаттардың негізгі міндетіне айналды.

Облыстық мәслихат депутаты ретінде өзіме жақын сала – білім берудің көкейкесті мәселесін көтеріп келемін. Олардың ішінде шешімін тапқандары да аз емес. Соның бірі – балабақша қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы. Жасыратыны жоқ, балабақша қызметкерлерінің жалақысы аз.  Олар үшін қалтаға салмақ түсіретіні – жылына екі рет медициналық тексерістен өтуге тиісті ақыны өз есебінен төлеуі. Ол кемінде 10-16 мың теңге аралығында. Онсыз да жалақысы төмен қызметкерлер үшін бұл аз ақша емес. Негізі заң талаптарын ескерсек, қызметкерлер медициналық тексеруден жұмыс беруші мекеме есебінен өтуге тиіс. Мәселені облыстық мәслихат сессиясында көтеріп, бірнеше рет депутаттық сауал да жолдадым. Нәтижесінде күрмеу шешімін тапты. Атап айтқанда, облыстық мәслихаттың кезекті 17-сессиясында «2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2021 жылғы 13 желтоқсандағы №72 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, оның ішінде білім саласы қызметкерлерінің жаңа оқу жылының басында дәрігерлік тексеруден тегін өту жайы назардан тыс қалмады. Балабақша қызметкерлерін медициналық тексеруден өткізу үшін 59 млн теңгеден астам қаржы бөлінетін болды, яғни, жаңа оқу жылында балабақша қызметкерлеріне тегін қызмет көрсетіледі.

Сыр елінде талантты да талапты балаларды қолдау тұрақты түрде жалғасуда. 2013 жылдан бастап мұқтаж отбасынан шыққан талапты балалардың мамандық иесі болуына жағдай жасалып, облыс әкімінің гранты тағайындалып келеді. Бүгінгі күнге дейін еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында оқитын 1249 студент облыс әкімінің грантын иеленіп, оның 764-і оқу бітіріп, сан салада еңбек етіп, өмірден өз орындарын табуда. Бұл ізгі бастама жалғасын табуы қажеттігін айтып, облыстық мәслихат депутаттары ұсыныс жасаған болатынбыз. Ұсыныс ескеріліп, облыс басшысы Нұрлыбек Машбекұлы еңбек нарығындағы тапшы мамандықтарға 100 студенттің білім алуына мүмкіндік жасады.

Мұнан бөлек, білім саласы бойынша тұрақты комиссия отырысында толыққанды зерделеніп, бірқатар мәселелер сессияға ұсынылды. Кейінгі отырыста олардың басым бөлігі оң шешілді. Мәселен, «Мемлекеттік бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру ұйымдарында жалпы білім беру» бюджеттік бағдарламасы бойынша жалпы білім беретін мектептерге бекітілген бюджетте жылу маусымына сұйық отын алуға 1 литрге 205 теңгеден қаралған. Қазіргі таңда 230 теңгеге қымбаттауына байланысты қосымша 436 525,2 мың теңге бөлінді. «Дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу» бюджеттік бағдарламасы бойынша 2022-2024 жылдарға арналған бекітілген облыстық бюджеттен №2 оңалту орталығынан аутизммен ауыратын балаларды оңалту филиалын ашуға 34397 мың теңге қаралған. Қазіргі таңда аталған филиал облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес «Аутизммен ауыратын балаларды оңалту орталығы» КММ болып құрылды. Осыған сәйкес аталған орталықты ұстау шығындарына және қызметкерлердің айлық жалақыларына қосымша 25 827 мың теңге қарастырылды. «Облыстық, аудандық (қалалық) ауқымдардағы мектеп олимпиадаларын, мектептен тыс іс-шараларды және конкурстар өткізу» бюджеттік бағдарламасы бойынша облыстағы олимпиадалар және қосымша білім беру ұйымдарында Арал ауданы «Қамбаш», Жаңақорған ауданы «Талдысу», Қармақшы ауданы «Жас Өркен» 7,8,9,10 сыныптағы 480 баланы 6 пән бойынша облыстық, республикалық олимпиада, ғылыми жобаларға дайындау және конкурстарға қатысқан дарынды балаларды қолдау және олардың қабілеттілігін одан әрі дамыту мақсатында қосымша 83 953 мың теңге бөлінетін болды. «Ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың күрделі шығыстары» бюджеттік бағдарламасы бойынша Қазалы көлік-техникалық колледжінің оқу корпусы мен зертханасының  шатырын күрделі жөндеуден өткізуге 110 104,5 мың теңге және жалпы білім беретін мектептерге және балабақшаларға жылу маусымына дайындық жұмыстарын жүргізуге горелка, насос, жылу қазандығы, т.б құрылғыларын сатып алуға 172 653,4 мың теңге қарастырылды.

Билік пен халық  арасындағы алтын көпір қызметін атқаратын депутаттар қай кезде де халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға, мәселені зерттеуге, тиісті орындарға жеткізуге әзір. Бұл мақсатта ай сайын қоғамдық қабылдау өткізіп, мұнан бөлек күн сайын әлеуметтік желілер арқылы да, БАҚ арқылы да халықпен тығыз байланыстамыз.

Г.ЕСҚАЛИЕВА,

облыстық мәслихаттағы «Amanat» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі,

«Әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі» тұрақты комиссия төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<