Президент денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект технологиясын пайдаланудың маңызына назар аударды. Медицина саласында ауқымды ақпарат жинақталған. Жасанды интеллект көмегімен олардың негізінде дұрыс диагноз қоюға, ем-шара тағайындауға және науқастарға мониторинг жүргізуге арналған құралдар дайындауға болады.
– Әлемде дәрігерлерді күнделікті бірсарынды жұмыстан босатып, олардың маңызды клиникалық шешімдер қабылдауына мүмкіндік беретін технологиялар белсенді қолданылады. Қазақстанда да перспективті медициналық стартаптар бар. Алайда бюрократия олардың әлеуетін шектеп отыр. Бір жағынан еліміздегі медициналық ақпарат жүйелерінде біртұтас алгоритм жоқ, әрқайсысы дербес дамып жатыр. Бұл жасанды интеллектінің медицина саласына енгізілуін тежейді, – деді Президент.
Мемлекет басшысының бұл сөзінің жаны бар. Әлем күннен күнге дамып жатыр, оның ішінде медицина саласы көз іліспес жылдамдықта жетілуде. Салаға қажетті құрылғылар жыл өткен сайын жаңарып, озық үлгідегі жаңа технологиялар қолданысқа енуде. Соған сәйкес емдеу тәсілдері, ота түрлері де жаңаруда. Бүгінде Chat GPT қызметін мектептегі оқушыдан бастап пайдалануда. Дамыған елдерде роботтар қызмет көрсетіп, жүргізушісі жоқ көліктер адам игілігіне қызмет етуде. Осы орайда жасанды интеллект игілігін көретін уақыт бізге де келді деп ойлаймын.
Нұридин ӘМИТОВ,
қалалық көпбейінді аурухана бас дәрігері





