Ілгерілеуге үлкен мүмкіндік

723

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 мамырдағы Жарлығымен еліміздің Ата Заңына түзетулер топтамасын бүкілхалықтық дауыс беруге шығарды. Конституцияның 33 бабын қамтитын толықтырулар мен түзетулер  мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертудің тұжырымдамалық негізі іспеттес. Басты мақсат – қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимыл форматтарын жаңарту. Кезеңі өткеннен бас тарту – қай қоғамның да өркениет өрісіне ілгерілеуінің іргетасы  десек, қателеспейміз.

Қазақстанның конституциялық құрылымын жүйелі трансформациялаудың ролі мен маңызы өте зор. Бұл жерде оның жауапкершілігінің де салмағын есте ұстауымыз қажет. Конституцияға енгізілетін өзгерістерді Әділетті Қазақстан ұстанымының бастамасы деуге толық негіз бар.  Ықпалды Парламенттің,  халық сайлаған мәслихаттардың, адамдарға есеп беретін үкіметтің жұмыс істеуі үшін тиімді тетіктерді іске қоспақ. Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекітуі – саяси плюрализм мен бәсекелі демократиялық ортаны дамыту үшін қажетті жағдайлар қалыптастыратыны да күмәнсіз. Сайлау жүйесін аралас пропорционалды-мажоритарлық модельге көшіру негізінде жетілдіру, партиялық жүйені дамыту, Мәжіліс депутаттарын бір мандатты округ жүйесі бойынша сайлау, облыс әкімдерін баламалы негізде мәслихат депутаттарының келісімімен тағайындау тетіктерін енгізу нақты жаңа саяси үлгіге көшуге жол ашпақ.

Бұдан бөлек, құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Конституциялық соттың  құрылуы, ең алдымен, азаматтардың әділет саласына деген сенімін едәуір нығайтатыны сөзсіз. Екіншіден, кез келген азамат бере алатын жеке конституциялық шағым институтын енгізу ғана мемлекеттегі барлық үш биліктің іс-әрекеттерінің конституциялылығын бақылауды жалғыз, орталық соттың қолына береді. Үшіншіден, жеке конституциялық шағым белгілі бір талапкердің құқықтарын қорғаумен  қатар  Конституцияның үстемдігін қадағалау қызметін атқарады. Сонымен қатар, Ата Заңмен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады.

Келесі үлкен саяси маңызға ие жаңашылдық – жерге меншік мәселесі. Қолданыстағы Конституцияның 6-бабының 3-тармағында жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде делінген. Мемлекет басшысы  Конституциялық түзетулер пакетінде бұл ресурстардың халыққа тиесілі екенін бекітетін  ереже ұсынып отыр. Жердің байлығын халықтың меншігіне мәңгілік шегендейтін осынау норма қабылдана қалса, Алаш идеясының, Алаш ардақтыларының ұрпаққа қалдырған ғасырлық аманатының нақты жүзеге асқанының көрінісі болып табылатыны хақ.

Бүгінгі  бастамалардың лейтмотиві – халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейту. Бірден айтуымыз керек, бұл қадамның бірлігі божыраған елдің тізгінін қолына алған Әз Тәукенің Қазақ даласында бұрын қолданылып келген заңдарды жаңа жағдайға сай өзгерту реформасымен үндесіп жатқандай көрінетіні де рас. Ұлы  реформатордың өз заманында  толықтырылып, бір жүйеге келтірілген ережелер жүйесі «Жеті жарғы» заңын қабылдау, мемлекеттік басқару жүйесіне қарапайым халықты тарту, т.б. жаңашыл өзгерістерді енгізу, ішкі бірлікті бекемдеу, сыртқы саясатты білгірлікпен жүргізу арқылы ел жадында жатталып қалған «алтын ғасыр» дәуірін орнатқаны белгілі.

Алдымызда мемлекетіміздің жаңа даму жолдары мен мүмкіндіктерін ашуға бағытталған ауқымды жұмыстарды мемлекет пен қоғам болып атқару міндеті тұр. Осындай сенім мен парыз салмағын отанымыздың жарқын болашағы үшін түбегейлі реформаларды қолға алған Қасым-Жомарт Кемелұлы да халқымен бірге көтермек. Осы ретте Президентіміздің қасына барша қазақстандықтардың топтасуы аса маңызды. Халқымыздың алдындағы перзенттік парызын  адал атқарған Дінмұхаммед Қонаев: «Сенім – құдіретті күш: тауды да қозғайды» деп бекер айтпаса керек.

Әлемде референдум халықтың пікірін ескеруге бағытталған  бірегей тетік  ретінде танымал. Мемлекет басшысының Конституцияға ұсынылатын түзетулерді референдумға шығару туралы шешімі қоғамның әртүрлі топтарында қызу талқылануда.  Еліміздің жаңғыруы мен демократиялық бағытта дамуы, республика экономикасының алға басуы, қордаланған әлеуметтік  мәселелердің тиімді шешімін табуы референдумның нәтижесіне тікелей байланысты. Сондықтан, барша қазақстандықтарды белсенді азаматтық ұстаным танытып, дауыс беруге белсенді қатысуға шақырамын.

Бейбіткүл КӘРІМОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы-ректоры, Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<