Кәсіпкерлікті қорғау – басты міндетіміз

1537

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіпкерлікті өркендетуге мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілетіні айтылды.

Халықтың еңсесін, елдің экономикасын көтеру мақсатында «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгерту үшін барлығына бірдей мүмкіндік берілетіні және осы мақсатта нақты реформалардың қабылданатынын жеткізді.

Жолдауда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру үшін кәсіпкерлерді қолдайтын нақты қадамдар және оларды қорғайтын заңнамаларды жетілдіру мақсатында тиісті жұмыстар басталып кетті.

Өткен сәрсенбіде облыс әкімі Н.Нәлібаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Т.Нақыпбеков және өзімнің қатысуыммен ашық форматта жергілікті бизнес өкілдерімен кездесу өтті.

Бұл жерде бизнес пен жергілікті билік арасында кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін шешу және аймақ бизнесін дамыту бойынша сөз қозғалды. Бірнеше сағатқа созылған кездесуде кәсіпкерлер жоғары белсенділік танытып, ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс және Байқоңыр қаласында босаған ғимараттарды заңды түрде пайдалану бойынша  көкейдегі сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Бизнес өкілдері тарапынан көтерілген барлық мәселе бойынша тиісті мемлекеттік органдарға арнайы тапсырмалар беріліп, міндеттемелері айқындалды.

Кәсіпкерлерді алаңдататын ең басты мәселелердің бірі – негізсіз жауапкершілікке тартылу жағдайы.

Осы орайда Президент Жолдауынан кейін ҚР Бас прокуроры Б.Асылов 2 қыркүйек күні адал бизнесті қылмыстық орбитаға тарту фактілерін азайту мақсатында барлық қылмыстық қудалау органдарына кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді тіркеу тәртібін қатаң регламенттейтін Нұсқау жолдады. Осы кездесуде кәсіпкерлер алдында арнайы баяндама жасап, оның орындалу шарттарымен таныстырдым.

Аталған Нұсқаудың маңызды тұстары мынадай сипатқа ие.

Кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз араласу немесе заңды қызметіне кедергі келтірудің әрбір дерегі бойынша кінәлі адамның жауаптылығын дереу шешу көзделді.

Алдағы уақытта келесі жағдайларда кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істі тіркеуге жол берілмейді:

1. Екі тараптың арасында қаралып жатқан азаматтық-құқықтық даулары бар бұзушылықтар болса;

2. Шағымдану мерзімі өтпеген аудит, ревизия, тексеріс актілері бойынша;

3. Мердігер алған пайда орындалған жұмыстың сапасына теріс әсер еткені туралы нақты деректер айқындалған қорытындылар бойынша;

4. Уәкілетті органның актілерінде нақты қылмыстың белгілері туралы жеткілікті мәліметтері болмаған жағдайда;

5. Кәсіпкерлік субъектісімен заңсыз алынған кіріс немесе шығын туралы формальді белгілері бар маманның қорытындылары бойынша.

Одан басқа кәсіпкерлерге қатысты тіркелген қылмыстық істі тіркеудің негізділігі мен заңдылығы 24 сағат ішінде қадағалаушы прокурормен тексерілетін болады.

Сотпен санкцияланған жасырын тергеу әрекеттерінің негізділігі мен заңдылығы 48 сағат ішінде тексеріледі.

Прокурорлар кәсіпкерлерге қатысты тіркелген қылмыстық істің ақылға қонымды тергеп-тексеру мерзімдерін айқындайды.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлерді алаңдататын тағы бір мәселе – мемлекеттік аудит қорытындысы негізінде қылмыстық істің қозғалуы. Осыны қылмыстық іс ретінде тіркеуге тыйым салу туралы заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде Бас прокуратураға ұсыныстар берілді.

Бұған басты себептің бірі ретінде, мемлекеттік аудит қорытындысының негізсіздігі себеп болуда.

Нақтыласақ, қолданыстағы заңнама бойынша қылмыстық істі тіркеуге негіз болатын мемлекеттік аудит қорытындысы мердігердің (кәсіпкердің) қатысуынсыз жүргізуге мүмкіндік береді. Кейіннен істі тергеу кезінде мердігермен ұсынылған қосымша уәждер мен құжаттар аудитордың тұжырымдарын жоққа шығарады немесе келтірілген залалдың мөлшерін төмендетеді. Салдарынан кәсіпкерлердің қылмыстық қудалау орбитасына негізсіз тартылуына әкеп соғады. Осылайша Президент Жолдауында көрсетілген кәсіпкерлік бағытты дамыту мақсатында мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп, ерекше қолдау көрсетілуде.

Баршамызға белгілі жаһандық пандемия салдарынан кәсіпкерлік саласы қиын кезеңді бастан өткізді. Сондықтан әркез кәсіпкер құқығын қорғау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Осы тұрғыда, кәсіпкерлікті қорғау саласында «Атамекен» және бизнес қауымдастығымен тығыз диалог орнатылып, бірлескен Жол картасы бекітілді. Жол картасында кәсіпкерлікті дамытудың маңызды тұстары айқындалып, бекітілген іс-шаралар кезең-кезеңімен орындалуда.

Жүйелік сипатқа ие болған проблемалық мәселелерді шешу мақсатында палата және мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық аудандардың бизнес қауымдастығымен кездесулер ұйымдастырылды. Осы жылы аймақ прокурорларының араласуымен 1600-ден астам кәсіпкерлердің бұзылған құқықтары қорғалды.

Мысалы, Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасымен құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензия беру кезінде кәсіпкерлерге заңсыз талаптар қойылып отырғаны анықталып, заңбұзушылықтар жойылды.

Дәл осылай мемлекеттік сатып алу саласына, жергілікті атқарушы органдар мен жерлерді табыстау кезіне, бизнеске кері әсер ететін мемлекеттік органдардың актілеріне тексеру жүргіздік. Нәтижесінде Жер кодексінің талаптары сақталмайтыны анықталып, біздің прокурорлық ықпал ету актісімен 104 кәсіпкердің құқығы қорғалды.

Мысалы, Қазалы ауданында Жер кодексінің талаптары бұзыла отырып, коммерциялық мақсаттағы жерлерді пайдалануды 3 жылға берудің орнына, тек 1 жылға табыстап отырған. Осы тектес мысалдар жетерлік.

Ендігі кезекте аграрлық саладағы кәсіпкерлерге субсидия бөлу барысында заңдылықтың сақталуы қадағалануда.

Президент биылғы наурыз айындағы Жолдауында мемлекеттік органдар кәсіпкерлікке заңсыз араласса, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтірсе, мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағаланатынын ескертті. Осы мақсатта кәсіпкерлерді қылмыс орбитасына заңсыз тартуды болдырмау бағытындағы жұмыстар прокуратура органдарының қатаң бақылауына алынып, жүйелі іс-шаралар жүргізілуде.

Жалпы, қорыта айтқанда мемлекеттік органдар тарапынан әкімшілік қысым және өзге де заңсыз араласу жағдайы орын алса бизнес өкілдері прокуратураға және кәсіпкерлер палатасына жүгінулеріне болады. Президент Жолдауында айтылған кәсіпкерлер құқығын қорғау және тұрақты қолдау жұмыстары прокуратура органдарының үнемі басты назарында болатынын жеткізгім келеді. Қызылорда облысы бойынша кәсіпкерлеріміз арыз-шағымдарын 115 жедел желісі арқылы хабарлауға немесе +7(7242) 27-77-47, +77089235847 нөмері арқылы арнайы бекітілген мамандарға қоңырау шалуға және 7242307@prokuror.kz, prokuratura.kyzylorda@list.ru электронды поштаға жолдауларына болады.

Нұрлан БИЖАНОВ,

Қызылорда облысының прокуроры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<