Президент сынына ұшыраған саланың бірі – медицина. Әсіресе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі.
«Медицина саласына бөлінген қаржы көлемі артқанымен, мұнда қордаланған мәселелер шешімін таппай отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады, нақты нәтиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды» деді Мемлекет басшысы.
Медицина саласы Президент назарынан тыс қалған емес. Жыл сайын қомақты қаржы қаралып келеді. Ең көп реформаға ұшыраған да осы – денсаулық саласы. Бірақ, Президент айтқандай, мәселелер шешілер емес. Сырқатына шипа таппай сандалған жұрттың шетел асуға асығатыны да сондықтан болса керек. Әлеуметтік желілерде де саулық сақшыларының науқасқа деген немқұрайлығына, қызметіне деген салғырттығына, саланың дәрменсіздігін айтып шағымданушылар өте көп. Осының өзі бұл саладағы түйткілді мәселелердің шаш-етектен екенін білдірсе керек.
Адам болғасын ауырмай тұрмайсың. МӘМС жүйесі енгізілерде қуанып едік. Бірақ қуанышымыз көпке бармады. Әрине, қымбат құрылғыларға жарна төлеушілер тегін түседі. Бірақ соған жетудің өзі мұң екені жасырын емес. Мемлекет басшысы айтқандай, жүйені жетілдіру керек. Әйтпесе тұрғындар шағымы таусылмайды.
Президент денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстарына қатысты да сын айтты. Цифрландырудың қазіргі деңгейі дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп отырған жоқ.
«Денсаулық сақтау саласында 40-тан астам ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Әр жүйенің өз кемшілігі бар. Министрлік болса, жауапкершіліктен қашып, нақты шешім қабылдамай отыр. Ал, мұның зардабын дәрігерлер мен азаматтар тартуда. Үкімет осы мәселені тез арада шешу керек», – деді Мемлекет басшысы.
Айта берсек, Президент айтқандай, кемшіліктер көп. Енді сыннан оң нәтиже шығар деген үміттеміз.
Бақыт Бекбанова,
қала тұрғыны
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<