Конституциялық кепілдіктер: Мемлекет пен қоғамның құқықтық негізі

406

0

Конституциялық кепілдіктер – кез келген мемлекеттің құқықтық жүйесінің негізгі элементтері. Олар мемлекеттік жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайды, демократиялық институттардың жұмыс істеуіне жағдай жасайды және құқықтық мемлекеттің қалыптасуына ықпал етеді. Қазақстан Республикасында Конституция мемлекеттік құрылымның негіздерін, құқықтар мен бостандықтардың кепілдіктерін, сондай-ақ азаматтардың міндеттерін айқындайтын құқықтық жүйеде басты орынды алады.

1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттің негізгі заңы. Ол егемендік, аумақтық тұтастық, мемлекеттік билік бірлігі, демократиялық және әлеуметтік сынды мемлекеттік басқарудың негізгі принциптерін айқындайды.

Конституцияның негізгі міндеті – мемлекет пен қоғамның тұрақты қызмет етуінің құқықтық негіздерін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ оларды жүзеге асыру үшін жағдай жасау.

Конституцияның негізгі сипаты – ол ең маңызды қоғамдық қатынастарды реттейді. Белгілі бір принциптерді жариялап қана қоймай, оларды тиімді жүзеге асыруға ықпал етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі заңның айрықша маңыздылығына қатысты: «Тарих біздің адамдардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін заңның салтанат құруына ұмтылғанын көрсетеді. Қазақстан Конституциясы әлемдік озық тәжірибе мен үлгісін, сондай-ақ тарихи және ұлттық дәстүрлерді қамтитын халық бірлігі мен мемлекетіміздің тәуелсіздігінің берік іргетасы болып табылады» – дей келе, Конституция азаматтардың мүддесіне табысты қызмет етіп, Қазақстанның одан әрі дамуына ықпал ететінін атап өтті.

Ата Заңда адам мен азаматтың ажырағысыз және шектелуге жатпайтын негізгі құқықтары мен бостандықтары бекітілген. Оларға өмір сүру құқығы, адамның бостандығы мен қауіпсіздігі, сөз, діни сенім бостандығы, мемлекеттік істерді басқаруға қатысу құқығы және т.б. жатады. Бұл құқықтар мен бостандықтар Қазақстандағы жеке тұлғаның құқықтық мәртебесінің негізі болып табылады.

Ал арнайы конституциялық кепілдіктерге азаматтардың нақты құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған механизмдер жатады. Қазақстан Республикасының Конституциясында Конституциялық Сот, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты, сот арқылы қорғалу құқығы, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану құқығы, білікті заң көмегін алу құқығы сияқты институттар қарастырылған. Бұл тетіктер азаматтарға өз құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, бұзылған жағдайда көмекке жүгінуге, бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Конституциялық кепілдіктерді қамтамасыз етуде Конституциялық Сот шешуші рөл атқарады. Ол Ата Заңның сақталуын, оның ішінде заңнамалық актілердің еліміздің негізгі заңына сәйкестігін қадағалайтын орган.

Конституциялық Соттың шешімдері Қазақстанның бүкіл аумағында міндетті және шағымдануға жатпайды. Сонымен қатар азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, олардың сақталуына кепілдік берудің және Конституцияға қайшы келетін нормативтік құқықтық актілердің қабылдануына жол бермеудің маңызды құралы екенін білдіреді.

Жаһандану және халықаралық құқықтың дамуы жағдайында конституциялық кепілдіктер Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа интеграциялануының маңызды факторына айналуда. Олар ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттармен үйлестіруге ықпал етеді, халықаралық деңгейде адам құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді және Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін қолдайды.

Ата Заңды құрметтеу – әр азаматтың нақты істерінен, адал еңбегінен және заңға бағынуынан көрінеді. Сондықтан барлығы, әсіресе мемлекеттік қызметшілерден Конституцияның рухы мен әрпіне жауап бере алатын, оның нормаларының нақты орындалуын, бірыңғай қолданылуын қамтамасыз ететін конституциялық тәжірибе қалыптастырудың барлық жағдайын жасауды талап етеді. Жалпы, Ата Заңды қастерлеуден елдегі заңдылық тәртібі қалыптасады. Өкінішке қарай, мемлекеттегі құқықбұзушылықтар, оның ішіндегі мемлекеттік қызметшілердің кейбір жағдайларда заңды өрескел бұзуы, әрине халықтың мемлекеттік билікке деген сенімділігін төмендетеді.

Бүгінде мемлекеттің даму бағыты, ұлттық идеология туралы сарапшылар, ғалымдар көптеген ғылыми пікірталас ұйымдастырып, әр алуан ұсыныс жасайды. Көптеген этнос өмір сүретін қоғамда бұл мәселенің әржақты тұжырымдарды туындататыны әмбеге аян. Осы орайда біз өзіміздің адал еңбектеріміз арқылы құқық пен адам құқықтарының жоғары үлгілері мен құндылықтарын өмірге енгізуге ұмтылуымыз қажет.

Қанат ҚЫПШАҚБАЕВ,

«Болашақ» колледжінің оқытушысы,

п.ғ.м., педагог-зерттеуші

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<