Мәслихаттар алдындағы міндеттер нақтыланды

308

0

Астана қаласында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумы өтті. Жиын барысында пленарлық отырыс болды. Биылғы форумның ерекшелігі, оған Мемлекет басшысы қатысты. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде мәслихаттың мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы екенін атап өтіп, 2022 жылы референдум арқылы Конституцияға өзгерістер енгізілгенін, соның нәтижесінде Парламенттің рөлі айтарлықтай күшейгенін, жалпы билік институттарының жұмысын жетілдіруде нақты шаралар қабылданғанын атап өтті. Аймақтардың әлеуметтік жағдайына мәслихат депутаттары әкімдермен бірдей жауапты екенін айта келіп, олардың жұмысындағы негізгі басым бағыттарға тоқталды.

Форумда депутаттардың Үкімет мүшелеріне сұрақтарын қойып, ұсыныс айтуына толық мүмкіндік болды. Мен өз тарапымнан медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі, сондай-ақ дәріханалар желісі мен  дәрілік заттар бағасын реттеу заңдылығына қатысты сауал қойдым. Сонымен қатар, субсидияланатын жұмыс орындарының нәтижесі және жүзеге асырылуы бойынша соңғы үш жылдық көрсеткіштерге әрбір аймақ бойынша кешенді сараптамалық талдау жасауды ұсындым. Депутаттардың барлық бағыттар бойынша айтқан ұсыныстары мен қойған сауалдарына толық жауап берілді.

Жалпы форумда елдің қоғамдық-саяси дамуы жолында мемлекеттік билік және мәслихаттар алдында тұрған жаңа міндеттер жан-жақты талқыланды.

Гүлшат МУСАЕВА,

облыстық мәслихат депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<