Шанхай ынтымақтастық ұйымы – Еуразиядағы өңірлік қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық және саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде әлеуетті рөл атқаратын маңызды халықаралық ұйым. Ұйымның негізгі мақсаттарына мүше мемлекеттерді біріктіретін кең аумақта тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, терроризм, сепаратизм, экстремизм, есірткі бизнесімен күресу, экономикалық ынтымақтастық, энергетикалық әріптестік, ғылыми және мәдени өзара іс-қимылды дамыту жатады.
Бейсенбіде өткен саммитте Мемлекет басшысы «Шанхай ондығының» барлық елдері үшін стратегиялық маңызы бар үш негізгі бағытты атады. Бірінші бағытқа қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайту жатады. Мемлекет басшысының пайымдауынша, «қазіргі күрделі ахуал халықаралық қатынастар жүйесіндегі дағдарыс салдарына» байланысты. Осы ретте терроризм, сепаратизм, экстремизм секілді «үш зұлым күшпен» күресуге назар аударылып, әскери саладағы сенім шаралары туралы келісімді әзірлеу және қабылдау қажеттігіне назар аударылды. Біздің ойымызша, саммитте айтылған осы стратегиялық көзқарас қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, экономикалық интеграция мен тұрақты дамуға, мәдени алмасу мен азаматтар арасындағы өзара іс-қимылды ілгерілетуге бағытталған. Бұл бағыттар өзекті мәселелерді шешу, тұрақты, гүлденген және үйлесімді аймақтық кеңістік құру үшін өте маңызды.
Мемлекет басшысы ынтымақтастықтың екінші басым бағыты ретінде сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуді атады. Бұл – экономикалық интеграцияны нығайту, инвестицияларды тарту, инфрақұрылымды дамыту, экономиканы әртараптандыру, инновацияларды өрістету және тұрақты даму үшін қажет бастама. Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге назар аудару ұйымның барлық мүше мемлекеттерінің өсуі, дамуы және өркендеуіне ықпал ететін сенімді экономикалық құрылым қалыптастырады. Кеңейтілген экономикалық ынтымақтастық аймақтық экономиканы нығайтып қана қоймай, жаһандық экономикалық тұрақтылыққа да ықпал жасайды.
Президент атап өткен үшінші бағыт ретінде тиімді дәліздер мен сенімді тасымал тізбектерін құру арқылы көлік байланыстарын нығайту аталды. Мүше мемлекеттерді байланыстыратын көлік дәліздерін құру және кеңейту аймақтық байланысты жақсарту үшін өте қолайлы. Бұл ретте көліктік және логистикалық ынтымақтастық үшін аймақтық келісімдер жасау біркелкі трансшекаралық қозғалысты жеңілдетуі ықтимал. Озық технологияларды қолданатын ақылды көлік жүйелерін енгізу көлік операцияларын оңтайландырып, тиімділікті арттырады. Шанхай ынтымақтастық ұйымы көлік байланысын нығайту арқылы Еуразиядағы интеграцияны күшейтіп, экономикалық дамуды ынталандырады және мүше мемлекеттер халықтарының жалпы өмір сүру сапасын жақсартады. Демек, тиімді көлік желілері мен сенімді жеткізу тізбегі сауданы жеңілдету, экономикалық дамуды ынталандыру және аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы ұсынған стратегиялық маңызы бар осы үш негізгі бағыт Еуразиядағы аймақтық қауіпсіздік, экономикалық даму, саяси ынтымақтастық пен мәдени алмасуға жаңаша ықпал жасайды деп ойлаймыз. Ұсынылған бағыт-бастамалардың алдағы уақыттағы ықпалы аймақтың және одан тысқары елдердің болашағын қалыптастырудағы негізгі идеяға айналатынына сеніміміз мол.
Мұрат НАСИМОВ,
саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<