Кейінгі аптада өткен Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның бірнеше отырысынан соң Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасы жарияланды. Отырыстар тікелей эфирде көрсетілгендіктен, талқылаулардан хабардар болдық. Азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстар мұқият талданды.
Құрамында Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі құқықтанушылар, орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, БАҚ басшылары, мәслихат төрағалары, аймақтық қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ сарапшылық және ғылыми қауымдастық өкілдері бар комиссия негізгі түзетулерді жан-жақты қарап шықты.
Ата Заңның жаңа преамбуласында алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы деп атап көрсетілді. Бұл адами капиталдың құндылығын айқындайды. Адам құқығы Преамбулада ғана емес, Конституцияның ерекше басымдығы әрі мағыналық өзегі болып белгіленіп отыр.
Бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің негізі ретінде белгіленуі де еліміздің алдағы бағдарын нақтылай түседі.
Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттардың алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілгенін жұртшылық қуанышпен қабылдауда. Жобада дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылғаны, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты, неке ер адам мен әйел адамның ерікті және тең құқықты одағы деп айқындалғаны зор жетістік деп ойлаймын. Енді нақты шешімді халқымыз жалпыұлттық референдумда қабылдайды.
ЕРАЛИЕВ Абзал Жұмашұлы
Қазақстанның Еңбек Ері,
«Абзал және К» ЖШС директоры





