Өмір сапасы өзгерістерге байланысты

379

0

Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер ететін нақты 9 бағдарды айқындап берді. Соның ішінде денсаулық сақтау саласына қатысты да орамды ой айтылып, нақты міндеттер жүктелді. Медицина саласының өкілі, дәрігер ретінде бұл мені бейжай қалдырмады.

Мәселен, ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керектігі айтылды.

«Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды. Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес» деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге білікті медицина мамандарының тапшылығы  әлі де өзекті мәселе екені айтылды. Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырып, соның ішінде грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілеп, тиімді тарату қажет.

Тағы бір мәселе АЭС салуға қатысты. Халық арасында АЭС салуды құптайтындар да, қарсылар да баршылық. Әлеуметтік желілерде бұл тұрғыда көптеген пікірлер айтылып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған қатысты алдағы 6 қазанда референдум өтетінін жариялады.

Сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету мақсатында Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Оған қоса кәсіптік білім беруді реформалау қажеттігін айтып, келер жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялайтынын жеткізді.

Жалпы Жолдауда көтерілген мәселелердің барлығы халықтың тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік-экономикалық дамуы, өмір сүру сапасын жақсарту үшін өте маңызды.

Абдулла ШҮЛЕНБАЕВ,

денсаулық сақтау саласының ардагері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<