Өткір мәселелер сөз болды

569

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы бастамалардың барлығы көкейге қонымды. Мемлекет пен ондағы тұрғындар үшін маңызды мәселелер көтерді. Елдің болашаққа деген қадамын айқындайтын әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басты ерекшеліктерге кеңірек тоқталды.

Соның бірі – Жолдауда айтылғандай, қазір жыл сайын демографиялық өсім артуда. Жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Жыл соңына дейін халық саны 20 миллионға жетпек. Өмір сүру ұзақтығы артқан. Ал Қазақстанда тұратын тұрғындардың үштен бірі – жастар.

– Үкіметтің міндеті – қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану. Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Иә, Президент талап еткен мәселенің бірі – зорлық-зомбылық. Кейінгі жылдары тым шиеленісіп кеткен балаларға қатысты түрлі қылмыс жайлы айтудың өзі қорқынышты. Мемлекет басшысының өзі тікелей назар аударған  қылмыстың бұл түріне енді жаза да тым қатты болмақ. Екіншіден, білім беру мекемелерінде психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту, сенім телефондарын ұйымдастыру, сондай-ақ түрлі қысымға ұшыраған балаларға көмек көрсету үшін тиісті бағдарлама әзірлеуді тапсырды.

Қашанда білім мен парасаттылық салтанат құрған қоғам өзінің озық мемлекеттік қабілетін сақтап қалады. Президенттің «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет» дегені де тиісті салалық министрлік үшін өткір проблемалардың бірі болып тұр.

Расымен де Жолдауда айтылған әрбір мәселенің салдары мен себебі тәптіштеп айтылып, шешілу жолдары қарастырылғаны бізді қуантты.

Жасұлан АЛДАБЕРГЕНОВ,

«Қызылорда облысының жастар Одақтары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<