Орайы келген он бастама

2727

0

Президенттің биылғы Жолдауы ешкімді бейжай қалдырмағандығы анық. Қаңтардағы дүрбелеңнен кейін билік елімізге саяси реформалар қажет екендігін түсінді және оны халық осы Жолдаудан күтті. Жаңа Қазақстанның бағдарламалық дамуы Президент ұсынған бір-бірімен тығыз байланысты 10 бастамадан тұрады.

Президенттің өкілеттілігі туралы бастамада барлық мәселенің Мемлекет басшысына тірелмеуі қажеттігі айтылды. Ол үшін партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне жол бермеудің дұрыстығы негізделеді. Сондықтан билік партиясына мүшелікте кейбір шектеулер заңнамалық тұрғыда енгізілетін болды. Бұл өз кезегінде бір адам немесе саяси партияның қоғамдағы саяси үстемдігіне кедергі келтіріп, саясаттағы монополияны жояды. Жалпы бүгінде саясаттағы монополия басқарудың тиімді әдісі емес екенін түсінуіміз қажет.

Екінші бастама өкілді билік тармағын қайта құруды көздейді және Парламенттің рөлін күшейтуге мән беріледі. Басты мақсат ықпалды әрі мықты Парламентті қалыптастыру болып отыр. Парламенттік институттардың дамуы мен тиімді жұмыс істеуі демократиялық қоғам үшін өте маңызды мәселе екенінде күмән жоқ. Көптеген демократиялық елдерде ұлттық парламенттер әскери және қауіпсіздік саласына қатысты бағдарламаларды бақылай алмайтыны да айтылып жатыр. Сондықтан тек ықпалды Парламент барлық мәселелерді бақылайды және күшті Үкіметті қалыптастыра алатынын ескеруіміз қажет.

Сайлау жүйесін жетілдіру бастамасы партиялар арасындағы бәсекелестікті арттырады деп ойлаймыз. Өйткені енгелі отырған аралас сайлау жүйесі халықтың саяси белсенділігіне ықпал етіп қана қоймай, олардың сауатты таңдауына да әсер етеді. Бүгінде өткізілетін түрлі үгіт-насихат шаралары, жарнамалық технологияларды пайдаланудың тиімділігі аз. Қазір халық бос сөздерге қарағанда, нақты істерге қолдау білдіреді. Мемлекет басшысы атап өткендей, қазір қарапайым жұрт қана емес, саяси белсенді адамның өзі депутаттарды тани бермейді. Бұл сайлау жүйесіне сенімсіздікті туындатып, дауыс беруден қалыс қалуға апарады. «Сайлау бізсіз шешіліп қойған, біздің дауысымыз қажет емес» деген көзқарастар осы жағдайда ғана пайда болады. Егер абсентеистер санын азайтсақ, сайлаудың шынайы нәтижесі шығатынына сенімім мол. Мажоритарлық жүйеге келетін болсақ, бұл модель әрбір депутаттың жеке жауапкершілігін арттыратыны анық. Дегенмен, халық сайлау барысындағы таңдауда жершілдік пен рушылдыққа салынбаса болды.

Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту жаңа партиялардың пайда болуына ықпал етеді. Өйткені бұл бастамадағы негізгі міндет партияларды тіркеудегі шекті 4 есеге азайту болып отыр. Сондықтан саяси партиялардың өміршеңдігі мемлекеттегі саяси жүйенің өміршеңдігімен, саулығымен анықталады және оның кепілі – адал, еркін саяси бәсекелестік. Өз кезегінде саяси партиялардың бәсекелестігі мен сайлауға қатысуы Үкіметтің тиімді жұмыс жасауына кепілдік береді. Саяси есеп берудің теориясында айтылғандай, сайлауға қатысу және саяси бәсекелестік мансапты ойлайтын саясаткерлердің жақсы жұмыс істеуіне және қоғамға жат мінез-құлықты азайтуға апарады. Еліміздегі саяси кеңістікті либералдандыру азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңітіп қана қоймай, қоғамдық өмірдің экономикалық, әлеуметтік, мәдени және т.б. салаларына әсер етеді.

Бесінші бастамада сайлау үдерісін жаңғыртуға мән берілген. Бұл бастама сайлау өткізудің әлемдік үздік тәжірибелерін қолдануды көздейді. Сайлау жүйесі – демократиялық ел көрсеткіштерінің бірі. Бұл көрсеткіштер елдегі дауыс беруге құқығы бар азаматтардың өз көшбасшыларын таңдауға немесе өзін-өзі ұсынуға, елдің дамуына қатысуға тең құқықтар қамтамасыз етілуімен өлшенеді. Жалпы сайлау процесін жаңғырту еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жандандырып, халықтың, әлемдік қауымдастық алдында биліктің имиджін жақсартады деп ойлаймыз. Сайлау процесіндегі техникалық жаңғыртуға қоғамда нәтижелердің бұрмалануына, дұрыстығына сенімсіздіктің бар екенін ескере отырып, қоғамның сенімін иелену жолдарын, технологияларын қарастырған жөн. Әлеуметтік желіде кандидаттар мен партиялар белсенділік таныту барысында өз бейнесін жасауда шынайы болғаны дұрыс. Өйткені қазіргі таңда әлеуметтік желіде слактивизм өршіп тұр. Осы «диван» белсенділік арқасында онлайн-наразылық белгілерін байқау қиын емес.

Құқық қорғау институттарын күшейту бастамасында заң үстемдігін қамтамасыз ету маңызды. Демократия мен заң үстемдігі арасындағы қарама-қайшылықтар – академиялық ортада кеңінен талқыланып жүрген мәселе. Тікелей демократия институттарының ерекше жағдайы және олардың осы қатынастарға әсері әлі толық зерттелген жоқ. Кейінгі жылдары тікелей демократиялық институттары бар мемлекеттерде адам құқықтарына немесе негізгі азаматтық құқықтарына қарсылық білдірген тұрғындар бастамалары көбейіп кетті. Заңның үстемдігін демократия теориясына назар аудара отырып қалыптастырған дұрыс секілді. Сонымен қатар, тікелей демократияны конституциялық демократиямен байланыстыру керек және популистік демократияға жол берілмеуі қажет деп ойлаймыз.

Жетінші бастамада Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыруға және қоғам институттарының рөлін нығайтуға назар аударады. БАҚ саласы түрлі ақпараттық өнімдерге, оның ішінде ұлттық өнімдерге толы болғанымен, халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігі проблемалық күйінде қалып отыр. Батыс зерттеушілері арасында саяси жаңалықтар журналистикасының сапасы бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігі мен коммерциялануының артуы нәтижесінде өзгерді және нашарлады деген көзқарастар бар. Демек, біздің ахуалда бәсекеге қабілеттілік құрылтайшыға байланысты болуы ықтимал. Сондықтан ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы мен қазіргі күрделі экономикалық жағдайда бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды деп ойлаймыз. Азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту барысында әрбір азамат мемлекеттің гүлденуі, халықтың әл-ауқаты, мемлекет алдына қойған барлық игі мақсаттарға қол жеткізу үшін белсенді болуы керек.

Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру бастамасы да маңызды. Президент атап өткендей, бұрын елдегі саяси және экономикалық ахуалға байланысты бірнеше облыстар бірікті. Елдің қазіргі дамуы, оның ішінде жағымды демографиялық ахуал жағдайында жаңа 3 облыстың құрылуы қуантады.

Еліміздің дамуы жағдайында жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру бастамасы туындағаны анық. Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру ерекшеліктеріне сүйене отырып, жергілікті экономикалық дамуды қолдау мақсатындағы жұмыстар жүргізіледі деп ойлаймыз.

Тұрақсыз халықаралық жағдай мен геосаяси ахуалға байланысты Президент дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шараларға оныншы бастамасында тоқталды. Экономикалық қауіпсіздігіміздің басты факторы саналатын теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз етуді Үкіметке тапсырды. Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызына да тоқталып, Үкімет пен әкімдіктерге бұл жұмыстар бойынша атқарылатын міндеттер белгіленді.

Әлемдегі қазіргі геосаяси ахуал тұрғысынан қарағанда, әрбір айтылған бастаманың өзіндік ерекшеліктері бар. Ендігі еліміздің экономикалық жаңғыруы табысты саяси жаңғырумен тығыз байланысты. Сондықтан алдағы уақытта Жолдау бағдарламалары аясында еліміздегі азаматтардың барлық деңгейдегі билік органдарына сенімін нығайтуға бағытталған ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүзеге асатындығына сенімдіміз.

Мұрат НАСИМОВ,

саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор,

«Болашақ» ғылыми-зерттеу институтының директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<