Ортақ мақсатқа ұйыстырған құрылтай

430

0

Күллі түркі халықтары тарихынан сыр шертетін киелі мекен Түркістанда Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтті. Мемлекет басшысы, қайраткер-саясаткерлер, Парламент  депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, азаматтық қоғам мен саяси партиялардың, жалпы зиялы қауым  өкілдері бас қосқан жиында түрлі мәселелер талқыланып, келелі ой мен ұтымды пікірлер айтылды. Ұлт тағдыры мен ел ертеңіне бағытталған  байыпты бастамалар талқыға түскен құрылтайдың халық үшін маңызы зор. «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбына арналған жиынның алғашқы күні  еліміздің әр аймағынан арнайы келген делегаттар  ұлт келешегі үшін  өзекті мәселелерді  талқылады. Ал екінші күнгі негізгі жиында  ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жиналған қауым алдында  сөз сөйлеп, ел дамуының  бағыт-бағдарын  айқындайтын ой-толғамдары мен ұсыныстарын ортаға салды.

– Сөз басында бірден атап өтейін,  меніңше, Ұлттық құрылтай, бұл арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен  өткізетін той да емес,– деді  Мемлекет басшысы. – Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген  сын сағатта құрылтай шақырған.  Бүгінгі құрылтайдың отырысы еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін өтіп жатыр. Абай  облысында алапат өрт шығып, азаматтарымыз қаза тапты.  Тағы да қайталап айтқым келеді: біз мұндай оқиғадан сабақ алуымыз керек, нақты шешімдер қабылдауымыз қажет. Ел басына түскен қиындықтар, ең алдымен біздің береке-бірлігімізді сынға салады. Осындай күрделі сәттер, ең бастысы – шынайы жанашырлық және терең жауапкершілік таныту қажет екенін айқын көрсетеді.

Біз құрылтайдың алғашқы отырысын  осыдан дәл бір жыл бұрын ұлт ұясы – Ұлытауда өткіздік. Көптеген маңызды істер  мемлекеттігіміздің  негізі қаланған  қастерлі өлкеден  бастау алды. Осы игі үрдіс биыл да жалғасын табуда. Бүгінгі басқосу бүкіл түркі халықтары үшін  киелі шаһарда өтіп жатыр. Халқымыз әдетте Түркістанды қазақтың рухани астанасы дейді.  Дегенмен қаланың  мән-маңызы бұдан әлдеқайда жоғары, – деді Мемлекет басшысы.

Президент  өз сөзінде  елді толғандырған  мәселелердің ауқымы да, бағыты да сан алуан екеніне тоқталды. Жалпы құрылтай барысында айтылған әрбір  пікір ескерілетініне, барлық мәселе  мұқият зерделенетініне тоқталды. Мәселен, Ұлытау төріндегі алғашқы құрылтайдан бергі өткен бір жылда елімізде  конституциялық реформа жасалғанын,  бұл өзгерістер мемлекеттігіміздің тұғырын бекіте түскендігін, ұзақ мерзімге арналған  демократиялық  бағдарымызды айқындап бергенін атап өтті, Президент Әділетті Қазақстанды құру тек министрлер мен әкімдердің  міндеті ғана емес, оған бүкіл қоғам болып жұмылу қажеттігін айтты. Ал түпкі мақсатқа жету үшін  саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, елдің әр азаматының сана-сезімі жаңғырып,  өмірлік ұстанымдары мен дүниетанымы өзгеруі керек.

Мемлекет басшысы  отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, еңбекқорлық, үнемшілдік секілді асыл қасиеттер бәрінен жоғары болуы қажеттігіне баса көңіл аударды. Өйткені, осындай ізгі қасиеттерді бойына сіңірген  жанды Адал  азамат деп айтуға болады. Әділетті Қазақстанды осындай Адал азаматтар құрады.

– Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен  адамгершіліктің белгісі.  Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі»  деген. Ал арлы  адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты  орында тұрса,  әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады.  Бір сөзбен айтқанда,  қоғамдағы ізгіліктің  бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат  ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруы тиіс, – деді Президент.

Жиында Мемлекет басшысы идеологиялық  жұмыстардың  негізгі бағытын атап өтті. Осы орайда  әдеби кітаптардың 90 пайызының  сырттан келетінін, ұлттық мүддеге  сай келетін  кітаптарды көптеп басып шығарудың маңызды екендігін, смартфонның бала қолындағы кітапты алмастырмауы тиіс екенін айтты. Шындығында  кейінгі ұрпақтың кітап оқуға құлқы жоқ деп қол қусырып отыра бермей, олардың әдебиетке деген қызығушылығын оятуға күш салынуы тиіс.  Сонымен қатар тәулік бойы  жұмыс істейтін  президенттік кітапхана салу ұсынысы – құптарлық бастама. Кітап оқитын ұлтты  дамытудағы  маңызды істерге зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, мәдениет саласының қызметкерлері, ең бастысы ата-аналар белсенді атсалысуы керек деп ойлаймын.

Президент  дамыған мемлекеттің бәрі  толық зерттелген төл шежіресін  дәріптеуге айрықша  мән беретінін айтып,  Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа  тарихын жазу туралы  бастама көтергенін, осыған орай жұмыстардың атқарылып  жатқанын жеткізді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы ономастика  саласын тәртіпке келтіру керектігін, оның тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық  құралы екенін нықтап айта келіп, жасанды тұлғалардың  есімін түрлі нысандарға  беруді доғару керек деп ескертті. Қазақ тілі  туралы  жасаған тұжырымы да көп көңілінен шықты. Ол күнделікті қарым-қатынастың ғана емес,  нағыз ғылым мен білімнің тілі болуы тиіс, оған қоғам болып атсалысуымыз қажет.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген халықпыз. Демек, жас ұрпақтың тәрбиесін  қоғам болып қолға алу,  атсалысу  болашағымызды жарқын етеді. Бірлік керек,  бірлік бар жерде тірлік те, татулық та, жақсы нәтиже де болады.

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<