Президент өзекті мәселені көтерді

374

0

VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында өзге салалармен қатар, ауыл шаруашылығының да өзекті мәселелері талқыға түсті.

– Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажет. Ашығын айтсақ, агроөнеркәсіп кешені бұл міндетті толық орындап отырған жоқ. Осы саладағы саясат бірізді емес. Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат тиімді жұмсалмайды. Өнім өндіруші мен тұтынушының арасында делдал көп, – деді Президент.

Шынында, мәселенің түп-төркіні осында жатыр. Отандық өндірісті, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту үшін жергілікті билік кәсіп иелері ұсынған дайын өнімді лайықты бағада сатуды үйлестіру мәселесіне назар аударуы қажет. Жасыратыны жоқ, көбіне өнім өндірушінің талабы ескеріле бермейді. Өнімнің сапасынан гөрі бағасына байланысты шешім қабылданып жатады.

Сондай-ақ, Президент ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану үшін бақылауды күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Өнім көлемін арттыруға және оны әртараптандыруға басымдық бере отырып, осы саладағы реформаларға сапалы заңдар қажеттігіне тоқталды.

– Биыл тағы 1,5 мыңнан астам жобаға бюджеттен 143 миллиард теңге бөлінеді. Мен сайлау алдында ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігі туралы анық айттым. Бұл – маңызды міндеттің бірі. Оны ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керек. Сол үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынады. Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл – әрине, үлкен қолдау. Ауылдық жерде жаңадан кәсіп көзін ашуға, сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлердің өз жұмысын одан әрі ұлғайтуына, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға септігі мол. Бір сөзбен айтқанда, ауыл – асыраушы. Сондықтан тұтынушы талабы артқан сайын өнім сапасы да соған лайықты болуы қажет.

Әліби БЕКЖАНОВ,

«Ер-Әлі» шаруашылығының төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<